Мына фотодағы отбасы – үндістандық ерлі-зайыпты дәрігерлер Пратик Джоши мен Коми Вьяс және олардың үш баласы. Лондонда жаңа өмір бастамақ болған бесеу кешегі Үндістандағы ұшақ апатынан түгел қаза тапты. Марқұмдардың ұшақта түскен соңғы суреті әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Ұшақ апаты құрбандарының саны 294-ке жетті. Олардың 241-і – «Боингтың» бортында болған жолаушылар мен экипаж мүшелері. Өзгелері – жерде қаза тапқандар. Естеріңізге сала кетсек, бейсенбі күні «Эйр Индия» компаниясының рейсі Ахмедабад қаласының әуежайынан көкке көтерілгеннен кейін бірнеше минуттан соң медициналық колледж жатақханасының төбесіне құлады. Сол сәтте оқу орны асханасында студенттер тамақтанып отырған. Қазір трагедияның себебі анықталып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, бұл апаттан бір адам тірі қалды. Мәлік есімді британдық азаматпен ауруханада Үндістан денсаулық сақтау министрі кездесті. Жолы болғыш жолаушының бір туысы журналистерге сұқбат беріп, немере ағасының жағдайы жақсы екенін айтып берді.
Аджай Валги, аман қалған жолаушының туысы:
Иә, оның жағдайы жақсы. Маған басқа ештеңе айтпады. Қасында інісі бірге отырған екен. Бірақ оған не болғанын білмейміз. Хабарсыз кетті. Тірі қалған ағамның отбасы қуанып жатыр. Бірақ інісі үшін уайымдап жүрміз.
Арай Төлегенқызы