2025 жыл халық үшін оңай жыл болмайды – экономист болжамы

Жаршы

Экономист Мақсат Халық тарифтер мен жанар-жағармай бағасының өсуінің негізгі себептерін атады. Оның сөзінше, биыл халық үшін оңай жыл болмайды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл халық үшін оңай жыл болмайын деп тұр. Өйткені көптеген тарифтің бағасы өсіп жатыр. Ондаған жылдар бойы өзгермеген бағаны өсіруді енді ғана қолға алып жатқанын көріп отырмыз. Негізі ол ұзақ жылдар бойы халықтың табысына қарай бірте-бірте өсуі керек еді. Бірақ бізде ондаған жылдар бойы ондай үдеріс болмаған. Енді көтереміз деп жатыр, — деді сарапшы.

Мақсат Халық Екібастұздағы жағдайдан кейін саланың мүшкіл жағдайы белгілі болғанын айтты.

Бұл салаға инвестицияның тартылуы қиындап қалған. Кәсіпкерлер ол жаққа барғысы келмейді. Өйткені табыс жоқтың-қасы. Енді амалсыздар тарифтерді өсіреміз деп жатыр. Одан бөлек, биыл жанар-жағармай бағасы да қымбаттап жатыр. Оны да қолға алып, бағасын бірте-бірте өсірмек. Алайда мұны Үкіметтің жоспарлап отырған ісі деп айту қиын. Себебі ЕАЭО-да бағаларды теңестіру туралы келісім жасалған. Енді қазір сол келісімді орындап жатыр деуге болады. Ал түптеп келгенде бұл халықтың төлем қабілетіне кері әсерін тигізеді, — деп айтты экономист.

Қаржы сарапшысы атағандай, жанар-жағармай бағасы әлеуметтік маңызы бар тауар. Ол азық-түлік бағасының қымбаттауына тікелей әсерін тигізеді.

Көктемнен бастап бізде егістік алқаптар жұмысқа кірісе бастайды. Мысалы, нанды алайық. Енді оны дүңгіршектерге тасымалдау кезінде жеткізу шығыны ретінде жанар-жағармай өсімін негізге алады. Сол себепті ол тіпті нанның бағасының өсуіне де әсерін тигізеді. Осындай үдерістің барлығы халықтың табысы өспей отырған кезде қосымша салмақ болады деп айтуға негіз бар. Оған қоса, салық мәселесі бар. Қазір оны көтеру мәселесі талқыланып жатыр, — деп түсіндірді Халық редакциямыздың сұрағына жауап бергенде.

Оның сөзінше, ол да белгілі бір дәрежеде қымбатшылық тудыратыны сөзсіз. Қазірдің өзінде инфляцияның өсу қарқыны байқалып отыр. Биыл инфляцияның жоспарланған межеден асып кететінін Ұлттық банк те мойындап отыр.

Қазір ірі компаниялар өздерінің шығынын, салықтың көлемін жоспарлап, тауарларының бағасын өсіріп жатыр. Мұның барлығы халқымыздың табыс деңгейіне кері ықпал етіп тұр.

Үкімет есебінде халықтың табысы өсіп жатқанын айтып отыр. Есепте Президенттің 6 жылда жеткен жетістігі жайлы атап өтіліп, ЖІӨ 288 млрд доллар болды, жан басына шаққанда 14 мың доллардан асты деген статистика келтірді. Еліміз бұрын-соңды мұндай көрсеткіштен асып көрмеген. Тек 2013 жылы жас басына шаққандағы ЖІӨ-нің рекордтық көрсеткіші 13 600 доллар болған еді. Бірақ дәл сол кездегі халықтың долларлық табысы мен қазіргі уақыттағы долларлық табысын салыстырсаңыз, 2013 жылы халықтың табысы жоғарырақ болғанын көреміз. Демек бұл өсімнің халықтың нақты табысының өсіміне ешқандай қатысы жоқ. Осы мәселені ашық айтуымыз керек. “14 мың доллар болды” деген сөз табысы орташадан жоғары елдер қатарына қосылдық дегенді бірдіреді. Алайда шындығына келгенде “халқымыздың табысы ең болмаса орташа деңгейге жетті ме?”. Меніңше, олай емес. Энгель заңына сәйкес, егер халық табысының 50%-ынан астамын азық-түлікке жұмсаса, онда ол кедей ел. Ал біздің халық табысының 60%-ын азық-түлікке жұмсайтынын көреміз. Демек, шынайы түрде қарасақ, халқымыз кедей деңгейде. Экономикалық өсімнің халықтың әлеуметтік жағдайына ешқандай байланысы жоқ, — деп ойын айтты экономист Мақсат Халық.