Оқу жылын аяқтап , жазғы демалысқа шыққан жеткіншектер бос уақыттарын «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерьлерінде өткізіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, биыл 1–10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 11 мыңнан астам бала лагерьлерде тегін демалуға мүмкіндік алады. Бұл ретте балалалар үшін бейінді, мектеп жанындағы лагерьлер, тақырыптық жобалар, қала сыртындағы лагерьлер сынды бірнеше бағыт бойынша демалыс орындары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, 10-нан астам қосымша білім беру ұйымының базасында қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер де ашылған.
Назым Қайрат, тілші:
- «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагеріне келген балалардың таңы осындай көңілді жаттығудан басталады. Бұлшықеттерін шынықтырып, билеп, алдағы танымдық шеберлік сағаттарына дайындалады. Одан кейін ұлдар ағаш ойып, ұсталық кәсіптің қыр-сырына үңілуге көшсе, қыздар тұскиіз тігіп, оюдан өрнек өруді меңгереді.
Жұлдыз Әлжанова, Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Бұл жерде оқушылармен бірге тұскиіз жасауды үйренеміз. Қалдықсыз жұмыс жасау, табиғатқа зиян келтірмеу, балаларға үнемділік және балалар түстердің сәйкестігін үйретеді, оны дұрыс орналастыруды үйренеді.
Біз келген Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясындағы жазғы лагерьге бір айдың ішінде 600-ге жуық бала қатысқан.
Әлия Басымбек, Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Бүгін менің лагерьге келіп жатқаныма 5-ші күн. Маған қатты ұнайды. Өйткені біз кинотеатрларға барамыз және аквариумға барамыз.
Мәди Серікұлы, Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының директоры:
- «Кітап лайк» және «Дос болайық» бағдарламасы қарастырылған. «Дос болайық» бағдарламасын көбінде спорттық шараларға, ұлттық ойындарға эстафеталарға байланысты бағытталған болса, «Кітап лайк» бағдарламасына қарай біз көбіне қолөнерге ою-өрнектер жасау секілді бағыттарды алдық.
1-7 сынып оқушыларына негізделген лагерь тамыз айына дейін жұмыс істейді. Балаңыздың денсаулығын нығайтып, ұлттық спортқа, салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді өткізуді көздесеңіз, «Балдәурен» лагеріне жіберіңіз. Қатарластарымен уақытты қызықты өткізері анық.
Авторлары: Назым Қайрат, Нұрғали Мамырбаев