Түркияның туристік аймағы Муғладағы жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 75-ке жетті. Бір адам қайтыс болды. 5,8 балдық зілзаланың ошағы Эгей теңізінде болғанымен жағалаудағы бірнеше қалада сезілді. Жер сілкінісінен ғимараттар қирады ма, тағы да қайталану қаупі бар ма? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлын эфирге қосайық .
- Айдос зілзалаға қатысты соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қайырлы күн Армангүл! Кеше түнгі сағат екіден 17 минут өткенде Эгей теңізінде 5,8 балдық жер дүмпуі тіркелді. Зілзаланың әсері Измир, Айдын, Муғла қалаларында сезілген. Жер тербелісін ең қатты сезген Муғла облысына қарасты Мармарис ауданы. Бұл елдімекенде зілзала кезінде 70-тен аса адам жарақат алып, бір қыз бала қайтыс болды. Қайтыс болған 14 жастағы қыз бала зілзаладан қатты қорыққандықтан жүрек талмасы ұстап, ауруханада көз жұмды. Ал жарақат алғандардың барлығы дерлік жоғары қабаттан секіргендер мен баспалдақтан құлағандар. Олардың барлығына тиісті ем дом жасалып үйлеріне жіберілді. Тек жарақаты ауыр екі адам ғана әзірге ауруханада жатыр.
- Айдос жер сілкінісінен қираған немесе бұлінген ғимараттар бар ма? Мамандар не дейді?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Жер сілкінісі сезілген аймақ басшыларының хабарлауынша, өңірде қираған немесе қандай да бір зақым келген ғимарат жоқ. Су, газ құбырлары мен электр сымдары үзілмеген. Сейсмолог мамандар тұрғындарға қауіп төнетіндей қуатты жер сілкінісі болмайды деп болжап отыр. Дегенмен жер тербелісінің қайталануынан қорыққан тұрғындар кешегі түнді далада өткізді.
Айдос Әшімұлы