Жалпыұлттық наурызнаманың онкүндігінің "Шаңырақ" күнінде Ақтөбеде дүние есігін енді ғана ашқан нәрестелерге бесік сыйланды.
Жас босанған аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Ұлттық нақышта безендірілген бесіктер ұл және қыз балаларға лайықталып, толығымен жөргек-жаялықтарымен жабдықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақтөбе облыстық әкімдігіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылар жастарға отбасы құндылықтарын, ата-баба дәстүрін насихаттауды мақсат еткен. "Бесік тарту" деп аталған бұл шарада аналарға баланы бесікке бөлеудің маңыздылығын түсіндірді. Он жаңа туған нәрестелерге ұлттық өрнектермен бедерленген бесіктер тарту етілді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев мереке қарсаңында нәрестелі болған аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
"Бүгін біз жылулыққа, қамқорлыққа және ежелгі дәстүрлерімізге құрметпен қарайтын ерекше күнді атап өтудеміз. "Бесік тарту" акциясы арқылы сәбиге қамқорлық жасап, оның денсаулығы мен әл-ауқатына ерекше маңыз беретін ұлттық құндылықтардың бірін жандандырдық десек артық етпес.Мемлекет басшысы өз сөзінде дәстүрлерімізді сақтау мен дамытудың, отбасылық құндылықтарды нығайтудың және ана мен баланы қолдаудың маңыздылығын үнемі алға тартады. Соның негізінде өмірде өз жолын енді ғана бастаған – жаңа туған нәрестелер мен олардың аналары басты назарда. Бесік — бұл жай ғана құрал емес, әр үйдегі, әр отбасындағы бейбітшілік, жайлылық пен амандықтың символы іспеттес. Балаларыңыз сау, бақытты және сүйіспеншілікке бөленіп өссін. Үйлеріңізден сәбидің күлкісі кетпесін, ал дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін", — деді Ерлан Сұлтангереев.
Айта кету керек, облыста наурыздың 15-нен 16-сы на қараған түні он бес бала дүниеге келді.
Сәбилер мен аналардың денсаулығы қалыпты.