Наурызнама онкүндігі негізінде 18 наурыз күні елімізде Ұлттық киім күні тойланады, деп жазады Egemen.kz.
Қазақ халқының ұлттық киімдері дәуірден дәуірге көшіп, баба болмысын, ана қасиетін, ұлттық таным түсінігін бүгінге жеткізген материалдық мирас. Ұлттық киімнің шығу, қалыптасу, даму тарихы ата-бабамыздың тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрімен тікелей байланысты.
Ұлттық нақыш бедерленген киімдер күнделікті тірлікке, мерекелік сән-салтанатқа лайықталып пайдаланылған. Тарихи деректер қазақ халқының сәнді киінгеннін айғақтайды. Мәселен, Т.Аткинсон қазақ өмірінен құжатты суреттер түсірген. Ол ХІХ ғасырдағы қазақтың атақты адамдарының мерекелік киімдерін былайша суреттейді: «Менің басшым үстіне қара түсті барқыттан тігілген шапан, басына әдемі кестеленген тымақ, ал аяғына биік өкшелі қызыл былғарыдан тігілген етік киген. Оның әйелі салтанатты реңк беретін сары, қызыл және жасыл түсті жібектен тігілген шапан киетін. Сұлтан басына тығыз жібектен тігілген, күміспен кестеленген бас киім, үстіне көк бұлыңғыр түсті шапан, аяғына қызыл қоңыр былғарыдан тігілген биік өкшелі етік киетін. Оның әйелі үстіне әдемі қара шапан, басына ұшы үшкірлеу, таспасы беліне дейін түскен, шеттері жібекпен әсем кестеленген бас киім киген», деп жазған.
Бұл суретті сөзде бейнеленген киім үлгілері қазақ халқы киген ұлттық киімнің бір парасы ғана екені даусыз. Халқымыз киімнің сәніне ғана емес, функциялық мәніне де ерекше ден қойған әрі жас ерекшеліктері мен әлеуметтік статусына қарай образдарын өзгертіп отырған. Ата-бабамыз жыл мезгілдеріне сай адамды терлетпейтін, кей тұста жауратпайтын материал түрілерін дәлдікпен таңдай білген. Осы орайда олардың құланның, киіктің, жолбарыстың терілерін, сондай-ақ қара түсті жанаттың, су тышқанның, бұлғынның және сусардың, ақ түсті тышқанның, күзеннің үлбірлерін аса бағалы деп санағанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек құс қанаттарын, қасыр, түлкі сынды жануарлардың үлбірлерін, қозы, түйе терілерін де жиі пайдаланған.
Бүгінде ел арасында ұлттық киімдерді тек мерекелерде емес, күнделікті киюге деген талпыныс артып келеді. Бұл үрдіс ұлттық киімдерді ұлықтап қоймай, ұрпақ санасына құндылығын төте жолмен сіңіруде ұтымды тәсіл дер едік. Бал күннен халық мұрасын көріп, ұстап өскен ұрпақтың да елдік бедерлерді естен шығармасы анық.