Көрісу күні – наурыздың бастауы

Жаңалықтар

Бүгін, 14 наурыз – көрісу күні. Амал күні деп те аталатын бұл мереке қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Көбіне Қазақстанның батысында аталып өтетін бұл күн соңғы жылдары ел көлемінде де тойлана бастады.

Көрісу күні қандай мереке және ол неге наурыздың бастауы?

Көрісу күнінің тархиы тереңде. Кейбір зерттеушілер бұл дәстүрдің тамыры көне түркі дәуірінен бастау алады деп болжайды. Шығыс елдерінің көне күнтізбесі бойынша наурыздың бастауы хамал (амал) айының бірінші жұлдызы саналған. Хамал дегені Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты жұлдызы туады деген ұғым бар. Міне сол күн қазіргі күнтізбеде 14 наурызға тұспа-тұс келеді. Бұл күні адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілеседі. Көрісу күні жасы кішілері үлкендердің алдына барып, саулығын сұрап, ақ батасын алады. Әр үйде мол дастархан жайылып, дәстүрлі тағамдар дайындалып, келген қонақтарға ұлттық сусындар қымыз бен шұбат ұсынылады. Көріскен адамдар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жаңа жасың құтты болсын!» «Жасың қайырлы болсын!» деп айтады.

Көрісу күнінің ерекшелігі неде?

Көрісу – тек бір-бірімен сәлемдесіп, саулық сұрасу ғана емес, ата-бабадан қалған рухани байланыстарды нығайтатын ерекше дәстүр. Ал көрісу күні халықтың бір-біріне деген бауырмалдығын арттырып, жақындық пен татулықты нығайтатын мейрам. Бұл күннің басты ерекшелігі қазақ қоғамындағы үлкенге құрмет көрсету дәстүрінің жақын көрінісі болуында. Себебі, амал мерекесінде жастар ауыл ақсақалдарының, әулет үлкендерінің үйіне арнайы сәлем бере барып, батасын алып қайтады.

Көрісу күні не істеу керек?

14 наурызда таң ата бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе қариялы үйлер ерте тұрып, көрісуге келетіндерді күтіп алудың қамына кіріседі. Әр үй дастарханын жайнатып, бар тәттісін қойып, бауырсақ пен жеті шелпек пісіреді. Бұл күні жайылған дастархан жиылмайды.

Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды. Көбіне адамдар бір-бірінің үйіне түске дейін кіріп шығуға тырысады. Ал кешігіп қалғандар болса кешке дейін келіп үлгереді. Көрісе келгендер сол үйдің дастарханынан дәм ала кетеді. Ал көрісуге бұрын ұрысып қалған танысы келсе, оған қабақ шытпай, көтеріңкі көңілмен қарсы алуы керек.

Ендеше, береке бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Жаңа жастарыңыз құтты болсын!