Жамбылда жүргізуші куәліктерін заңсыз сатқан 7 тұлға сотталды

Жаңалықтар

Олар алдын ала сөз байласу арқылы Жамбыл, Түркістан және Алматы облысының 21 тұрғынына заңсыз жүргізуші куәліктерін жасаған.

2023 жылдың қыркүйек айында Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан адамдар тобын әшкерелеген болатын. Кінәлі тұлғаларға 3,6 жыл мен 4,6 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, шартты деп танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 2 қызметкері, 1 программист маман, 4 делдал алдын ала сөз байласу арқылы Жамбыл, Түркістан және Алматы облысының 21 тұрғынына заңсыз жүргізуші куәліктерін жасаған.

Аталған азаматтар бұрын емтихан тапсыра алмай, жүргізуші куәлігін ала алмаған.

Атап айтқанда, Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкері өзінің сыбайласы болып табылатын Алматы қалалық МХҚКО-ның программист-маманы арқылы Түркістан облысының тұрғынын практикалық емтихан тапсырмағанына қарамастан, емтиханнан сәтті өткенін ақпараттық жүйемен растаған.

Ал ақша қаражаттары емтихан тапсырушылардан 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі көлемде түрлі облыстардың делдардары арқылы Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкеріне жиналып, араларында өзара бөлінген.

Осы тектес қылмыстық схема 20 азаматқа қатысты орын алған.

27.02.2025 жылы Тараз қалалық №2 сотымен МХҚКО-да заңсыз жүргізуші куәлігін сатқан адамдар тобына қатысты айыптау үкімі шықты.

Сот үкімімен кінәлі тұлғаларға 3,6 жыл мен 4,6 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, шартты деп танылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ, қылмыстық қудалау органының талабы бойынша жүргізуші куәліктері жарамсыз деп танылды.