Жамбылда есірткі тасымалдаған Астана қаласының тұрғыны ұсталды

Жаңалықтар


Жамбыл облысында полиция есірткі арнасының жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.


Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы — Екатеринбург автожолының 430-шақырымында Toyota Camry көлігін тоқтатты. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен көліктің жүксалғышын тексеру кезінде жолаушыға тиесілі спорттық сөмкеден скотчпен оралған пакет табылды.

– Пакеттің ішінде өзіне тән иісі бар кристалл тәрізді зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 470,07 грамм болатын альфа-PVP синтетикалық есірткі заты болып шықты, – делінген ақпаратта.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 34 жастағы күдікті Астана қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр.