Қазақстан терроризм қаупі ең төмен елдердің қатарында — Жаһандық индекс

Жаңалықтар

Экономика және бейбітшілік институты әзірлеген Жаһандық терроризм индексінде Қазақстан 100-орынға жайғасты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Институттың зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы үш мемлекет, атап айтқанда Қазақстан (0 балл), Қырғызстан (0 балл) және Түрікменстан (0 балл) терроризм қауіпі өте төмен елдердің қатарында.

Бұл ретте көршілес Өзбекстан — 90 (0,233 балл), ал Тәжікстан 70-орынға (0,999 балл) тұрақтады. Индексті қалыптастыру тәртібіне сай, неғұрлым елдер кейінгі орындарға жайғасса, соғұрлым ол мемлекеттегі терроризм қауіпі төмен деп бағаланады.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Ресей (16-орын) терроризм қауіпі жоғары елдер қатарында. Беларусь пен Әзербайжан 90-шы орында болса, Армения 79-орынға тұрақтаған.

Алғашқы үштікке Буркина-Фасо, Пәкістан және Сирия еніп отыр. Жалпы, сарапшылар өз баяндамасында атап өткендей, терроризм әлі де басты қауіптердің бірі болып қала береді.

— Еуразияда бір жылда 18 террорлық шабуыл болып, салдарынан 199 адам қаза тапты. Бұл 2010 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш, — делінген Экономика және бейбітшілік институтының баяндамасында.