Осыдан тура 24 жыл бұрын Нью-Йорк қаласында адамзат тарихындағы ең ірі лаңкестік оқиға болды. Бұл америкалықтарды ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген еді.
«Әл-Қаида» террористік ұйымы АҚШ-тың ең маңызды нысандарына төрт рет шабуыл жасап, Дүниежүзілік сауда орталығы орналасқан әйгілі егіз мұнаралар қирап, Пентагонның үкімет ғимаратына зақым келеді. Соның салдарынан 2996 адам қаза тауып, алты мыңнан астамы ауыр жарақат алды. Жаһан тыныштығына қауіп төндірген терроризм көрінісі осылай.
Бұл мәселе бүгінде әлемдік геосаясаттағы күн тәртібінен түспейтін түйткілге айналған. Биыл жыл басында Экономика және бейбітшілік институты жаһандық терроризм индексін жариялаған болатын. Көрсеткіш қандай? Халықаралық шолушымыз Фариза Жанғанаева баяндап береді.
Терроризм әдіс-айласын өзгертті
Көрсеткіш 163 елдің, 66-сында көңіл көншітпейді. Былтыр әлем бойынша 50 ірі лаңкестік оқиға болды. Мыңдаған адам қаза тапты. Жалпы Жаһандық индекс бойынша терроризм қаупі жоғары елдердің алғашқы үштігіне Буркина-Фасо, Пәкістан және Сирия еніп отыр. Сондай-ақ, Мали, Нигер, Нигерия, Израиль, Ауғанстан, Камерунда да лаңкестік әрекет тыйылмай тұр.
Бұл елдер ДАИШ пен Аль-Каида лаңкестік топтарымен байланысты теріс ағымдағы ұйымдардың шабуылынан зардап шегіп келеді. Дүниеде дүрбелең туғызып, елдерді дүрдараз қылған ДАИШ – террорлық ұйымдардың ішіндегі ең қауіптісі. Былтыр 22 елде 1805 адам осы ұйымның қолынан қаза тапты. Бұл ұйым қазірде әлеуметтік желіні пайдаланып, әлемнің көптеген еліндегі жастарға үгіт-насихат жүргізіп жүр. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осыған алаңдайды.
Наталья Герман, Контртеррористік комитеттің атқарушы директор міндетін орындаушы:
- Терроризмнің сипаты күрделеніп, оның әдіс-тәсілдері де өзгеріске түсті. Қазір шабуылдар ақпараттық кеңістікте де белсенді жүріп жатыр. Кибертерроризм белең алған. Ең сорақасы адамзат технологияның жетістігі ретінде санайтын жасанды интеллектінің қолданалуы адамзатқа төнген қауіпті одан сайын күшейтеді. Ұшқышсыз ұшу апараттарының соғыс мақсатында қолданылуынан сақтану керек және алдын алу қажет.
Әлемде лаңкестік әрекет тыйылмай тұр
Жан түршігерлік оқиғалар, жарылыстар, көз жұмған жазықсыз жандар мен қаніпезер қарақшылар. Мұндай лаңкестік шабуылдан тұтас әлем қауіптеніп отыр. Жалпы халықаралық терроризм термині өткен ғасырда пайда болды. Оны Таяу Шығыстағы зұлым күштер соғыс тәсілі ретінде қолданып жүр. Соның кесірінен тек мұсылман әлеміне тән құбылыс деген қате түсінік қалыптасып отыр. Анығында саяси себеппен адамзат баласына қарсы жасалған кез келген әрекет терроризм деп бағаланады. Жер жүзіндегі мұндай қылмыстардың нақты дерегі жоқ. Дегенмен 2000-шы жылдардан бергі есепке сай, 72 мың 135 теракт тіркелген. Қаза тапқандар саны 170 мыңнан асып жығылады.
Терроризммен күрес шаралары
Әлемде 500-ге жуық ірілі-ұсақты террористік және экстремистік діни топтар бар. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде 22 террористік діни ұйымға тыйым салған. Бұл бастама ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы басым бағыттардың бірі. Жалпы Орталық Азия мен ТМД кеңістігі және Қытай терроризммен күресте әуелден күш біріктірген. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің осы мақсатта жұмыс істейтін терроризмге қарсы ортақ құрылымы бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тақауда өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымында жаһандық қауіпсіздік мәселесені тоқталып, бірлескен терроризммен күрес шараларына қолдау білдірді.
Дін көшбасшылары Астанада бас қосады
Ал 17-18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі өтеді. Онда терроризммен күрес тақырыбы да талқыланбақ. Ол жөнінде, халықаралық дін өкілдері арнамызға сұхбат берген болатын.
Дженни Крюс, Warley Woods қасиетті Хильда шіркеуінің қызметкері:
- Лаңкестікке келсек, адамдар арасындағы сенімсіздік көбіне бір-бірімен ашық сөйлеспегеннен туындайды. Сондықтан осындай форумдар өте құнды. Олар дінбасыларды жақындастырып, қате түсініктерді жояды.
Джордж Панамтундил, Қазақстандағы Ватикан елшісі, архиепископ:
- Түрлі діни және саяси өкілдер бас қосатын жиында ортақ пікір бейбітшілікті қолдап, соғысты тоқтату басты ұран болатынына сенемін. Түрлі қарулы қақтығыстардың куәсі болып отырмыз. Күн сайын жан түршігерлік оқимағамен бетпе-бет келеміз. Әлемде болып жатқан қақтығыстарға нүктесін қоятын келісім мен өзара түсіністік керек.
Лаңкестік әрекеттің әрбірінің астарында мемлекет және қоғамға қасақана зиян келтіру әрекеті ғана емес, саяси һәм экономикалық себеп те бар. Тұтас адамзат алаң болып отырған мәселеде ортақ пікір қалыптастыру маңызды.