Былтыр қараша айынан бастап іске қосылған Neo Nomad визасын тағы бес шетелдік азамат алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Neo Nomad визасын осы жолы алғандардың үшеуі — АҚШ, біреуі Ұлыбритания және тағы біреуі Латвия азаматы.
Neo Nomad визасы шетелдік азаматтарға Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Бұл ретте олар шетелдегі компанияларда қашықтан жұмыс істей алады. Виза IT, маркетинг, қаржы, дизайн және консалтинг салаларындағы жұмысын саяхатпен ұштастыратын заманауи көшпенділерге арналған.
Ол үшін шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасының шетелдегі елшіліктеріне мынадай құжаттарды тапсыру қажет:
Кейінгі 6 айдағы банк шотынан үзінді көшірме, ай сайынғы табысы 3 000 АҚШ долларынан жоғары екенін растайтын құжат;
Азаматтығы бар елдің уәкілетті органы берген салық декларациясы;
Азаматтығы немесе тұрақты мекенжайы бар елдің органы берген сотталмағаны туралы анықтама;
Визаның қолданылу мерзіміне дейін жарамды медициналық сақтандыру;
Қазақстандағы туристік компаниялардан шақыру (48 елдің азаматы үшін талап етілмейді).
Айта кетейік, бұған дейін Neo Nomad визасын үш шетелдік турист алған еді. Визаны бірінші болып энергетика саласында жұмыс істейтін Ұлыбритания азаматы иеленген. Сондай-ақ визалар Оңтүстік Корея және Сингапур азаматтарына берілген.