Абай облысында әскери қызметші ата-анасымен бірге жол апатынан қайтыс болды

Жаңалықтар

Аягөз ауданында жол апатынан 4 адам қаза болды .

Қазір аталған факті бойынша құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құрлық әскерлері қолбасшылығының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 28 маусым күні болған. Аягөз қаласында әскери міндетін өтеп жатқан жігітті әке-шешесі демалыстан кейін бөлімге дейін шығарып салмақ болып, жолға шыққан.

"Аягөз гарнизоны әскери бөлімдерінің біріндегі мерзімді әскери қызметші мен ата-анасы жол апатынан қаза болды. Марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз", – делінген ақпаратта.

Құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

"Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмдардың жақындарына жан-жақты көмек көрсетеді. Соның ішінде әскери ұшақпен қаза болғандардың мәйіттерін тұрғылықты жеріне жеткізуді ұйымдастырады", – делінген хабарламада.

"Toyota Lumiere көлігінің 62 жастағы жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Toyota Land Cruiser көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Toyota Lumiere көлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", – деп хабарлады Абай облыстық полиция департаменті.