Апаттың нақты себептері анықталып жатыр.
Үндістанның Гуджарат штатындағы Ахмедабад қаласында Boeing 787 Dreamliner ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Риа Новости басылымына сілтеме жасап.
Times of India газетінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған Boeing 787 ұшағы Air India әуе компаниясына тиесілі.
"Air India компаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабад әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай құлады", – деп жазады Times of India.
Ұшақ Ұлыбританияға бағыт алғаны белгілі. Кейбір деректерде оның Бирмингем, енді бірінде Лондонға ұшуы тиіс болғаны жазылған.
Әуе кемесінің бортында 242 адам болғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақ ішінде 230 жолаушы және 12 экипаж мүшесі болған.
Оқиға орнында өрт сөндіру және құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Белгілі болғандай, ұшақ тұрғын аудан маңында құлаған.
Апаттың шығу себептері анықталып жатыр.