TikTok желісінде 160 миллионнан аса жазылушысы бар танымал видеоблогер Хаби Лейм АҚШ визасының мерзімі өтіп кеткені үшін әуежайда ұсталды.
Бұл туралы Euronews телеарнасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. TikTok жұлдызы Хаби Лейм визасының мерзімі өтіп кеткеніне байланысты Лас-Вегаста иммиграциялық қызмет өкілдерімен ұсталғаннан кейін АҚШ-тан кетті.
Тик ток жұлдызының шын есімі – Серинге Хабане Ламе. Ол – Италия мен Сенегал азаматтығына ие. Оны жұма күні Гарри Рид атындағы халықаралық әуежайда ұстаған, бірақ АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің (ICE) өкілі оның депортация туралы шешімсіз елден шығуына рұқсат берілгенін растады.
ICE мәліметінше, 25 жастағы Лейм елге 30 сәуірде келген, ол визасының мерзімін өткізіп алған.
Ерікті түрде елден шығу – елден шығарылу қаупі төнген адамдарға депортация туралы ресми шешімнің өз істеріне енгізілуінен құтылуға мүмкіндік береді.
Хаби Лейм Сенегалда дүниеге келген, бала кезінде Италияға қоныс аударып, Турин маңындағы Кивассо қаласының кедей ауданында өскен. Пандемия басталған кезде 22 жастағы жігіт жергілікті зауыттағы жұмысынан айырылып, миллиондаған италиялық сияқты үйде отыруға мәжбүр болды.
Сол кезде әлеуметтік желілерде уақыт өткізе бастаған Лейм қысқа уақытта әлемдік танымалдыққа ие болды. Оның видеоларында бірде-бір сөз айтылмайды – тек бет-әлпеті мен ым-ишарасы арқылы ол абсурдты әрі күрделі "лайфхак" жасаушыларды келемеждейді. Тек TikTok-тағы жазылушыларының саны 162 миллионнан асады.
2022 жылы ол Hugo Boss сән брендiмен көпжылдық келісімшартқа отырды –сол жылы Италия азаматтығын алды. 2025 жылдың қаңтарында БҰҰ Балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.