Конституцияның 30 жылдығына байланысты болатын рақымшылықпен Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты.
"Егер қылмыстық іс адамның жеке басына қарсы жасалып, салдары адам өліміне әкелсе, ондай жағдайларда рақымшылық актісі қолданылмайды. Ал егер адамның әрекеті тікелей адам өліміне байланысты болмаса, онда, әрине, рақымшылық актісі қолданылады," – деп түсіндірді депутат.
Депутат рақымшылық қолданылмайтын қылмыс санаттары рақымшылық туралы заң жобасының 4-бабында нақты көрсетілгенін атап өтті.
"Бишімбаевтың ісінде адам өлімі бар. Сондықтан оған рақымшылық қолданылмайды," – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, Бақытжан Байжанов сотталған "қылмысты жасыру" бабы рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізіміне кірмейді. Сондықтан оған рақымшылық қолданылуы мүмкін.
"Қылмыс туралы хабарламау 4-бапта көрсетілмеген. Сондықтан ондай істерге рақымшылық қолданылуы керек. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс түріне жататын болса, онда олар толық босатылмайды, бірақ жазаның мерзімі қысқартылады," – деп түсіндірді Абзал Құспан.