"Еңбек жолы" және "Парыз" байқауларына өтінім қабылдау жүріп жатыр: қатысу шарттары қандай

Жаңалықтар

Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

Биыл наурыз айында елордада жыл сайын өтетін "Еңбек жолы" және "Парыз" байқауларына өтінім қабылдау басталды. Қатысу талаптары мен шарттары туралы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Конкурс Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізілетін болады.

Конкурс 3 номинациядан тұрады:

1) "Үздік еңбек әулеті" — ең ұзақ еңбек өтілі, ең көп марапаттары бар әулет таңдалады;

2) "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" — жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады;

3) "Өндірістің үздік жас маманы" — жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады.

Сол сияқты елордада халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға және арттыруға бағытталған "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауы өтіп жатыр.

Мемлекеттің акциялары, жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесі 50 проценттен асатын ұйымдар байқауға қатысуға жіберілмейді.

Конкурс 4 номинациялар бойынша қаралады:

1) "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын". Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;

2) "Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын". Бұл номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) "Үздік ұжымдық шарт". Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады;

4) "Экологияға қосқан үлесі үшін". Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

"Барлық жұмыс берушілерді, еңбек ұжымдарын, кәсіподақ ұйымдарын және бизнес өкілдерін осы конкурстарға қатысуға шақырамын. Сонымен қатар, қыркүйек айында Еңбек күніне орайластырылған іс-шаралар өтеді, оның ішінде еңбек форумын өткізу, кәсіптерді/салалар бойынша танымал ету үшін еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарына құрмет көрсету, "Еңбек жолы" және "Парыз" конкурстарының өңірлік жеңімпаздарын марапаттау, спорттық және мәдени іс-шаралар және т. б.өтеді", — дейді спикер.

Ақпарат алу үшін 55-68-05, 55-68-34, 55-68-11 хабарласуға болады.