Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны аяқталды.
Аймақ диқандары 5 жарым миллион гектардан астам жерге дән септі.
Көктемгі дала жұмыстары шамамен 20 күнге созылды. Биыл өңірде майлы дақылдар алқабы 161 мың гектарға ұлғайтылды.
Көктемгі егісті алғашқылардың бірі болып Бурабай ауданына қарасты Златолье ауылының шаруалары тәмәмдады. Олар биыл 28 мың гектар жерді игерген. Соның 18 мыңына астық, қалғанына зығыр, күнбағыс пен жасымық еккен.
Әсел Ағзамова, агроном:
- Қолайлы ауа райы егіс науқанын уақытында аяқтауға үлкен сеп болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қиыншылық болған жоқ. Енді зиянкестермен күресуге қамданып жатырмыз.
Ал көктемгі егіс науқанын қаржыландыру былтыр желтоқсан айында басталды. Нәтижесінде 800-ге жуық шаруа 100 млрд теңге көлемінде жеңілтетілген несие алды. Бұл көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытында өткізуге мүмкіндік берді.
Асқар Қортаев, шаруа:
- Оған удобрение сатып алдық. Жалақыламыз бар. Сайман алдық.
Соңғы екі жыл өңір диқандарына оңай соқпады. Күзде жауған жауын-шашын шаруаларды біраз әбігерге салды. Биыл да диқандар құрғақшылық пен өсімдіктердің түрлі дертінен қауіптеніп отыр. Бұл бағытта да мемлекеттен тиісті көмек көрсетілмек.
Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Біз биыл 330 мың тонна тыңайтқыштарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Ақмола облысында 145 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар еңгізілді. Қалған көлемі алдағы уақытта күзге дейін тыңайтқыштарды беру жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы техникаларын да жаңартып тұру маңызды. Биыл жыл басынан бері шаруалар жеңілдетілген несие арқылы 200-ге жуық техника сатып алған. Жалпы көктемгі егіс науқанына 37 мың техника қатысты.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный