Жарыссөзде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты күдікті деп тануды сұраған Нұрбол Тоқтаубаев бүгінгі сотта соңғы сөзін айтты.
Айыпталушы соңғы сөзінде бәрінен кешірім сұрап, туған ауылы туралы тебіреніп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен өзіме тағылған айыпты қолдамаймын, менің қолымда қару-жарақ болған жоқ, ешқандай төбелесуге ниетім болған жоқ. Оның бәрі бейнематериалдарда көрініп тұр. Тұрар Рысқұлов – атамыз еліне елеулі, халқына қалаулы адам, баяғыда қазағымызды ашаршылық заманнан құтқарып қалған атамыздың туған жерінде тұрамыз. Балағат сөздер ауылымызға тимесе екен дейміз, – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Сондай-ақ, айыпталушылардың бәрі ешқандай тіреуі жоқ қарапайым қазақ балалары екенін атап өтті.
– Біз ешқандай да бандит емеспіз, рэкет емеспіз. Қазақтың қарапайым қарадомалақ баласымыз. Тұрар Рысқұлов ауылында туып-өскен қарапайым баламыз. Ешқандай да депутаттың, әкімнің балалары емеспіз. Бізді балағаттап, үстімізден жалған айып тағып, жалған ақпарат таратып жүрген блогерсымақтарға айтарым, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп барып сөйлеген дұрыс деп ойлаймын. Сабақ болсын! – деді сотталушы.
Бұған дейінгі жарыссөзде Нұрбол Тоқтаубаев өзін ақтауға тырыспайтынын айтқан еді.