Мұрат Нұртілеу Буркина-Фасо сыртқы істер министрімен кездесті

Жаңалықтар

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Астанаға келген Буркина-Фасоның Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі буркиналықтар министрі Карамоке Траоремен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл сапар Буркина-Фасо сыртқы саяси ведомствосы басшысының екіжақты қатынастар тарихында Қазақстанға алғашқы ресми сапары және серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашады.

Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Әсіресе, логистика, пайдалы қазбаларды өндіру, цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібі сияқты болашаққа бағытталған салалардағы ынтымақтастықты арттыруға басымдық берілді.

Африка бағыты – Қазақстан сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Астана құрлық елдерімен өзара тиімді және тең құқықты серіктестікті нығайтуға ұмтылады, — деді М.Нұртілеу.

Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Буркина-Фасоның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Министрлер шарттық-құқықтық базаны тереңдетуге және әртүрлі деңгейдегі сапарларды жандандыруға өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.