Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияға екі күндік ресми сапармен барды, деп хабарлайды 24kz.
Токиода жапон басшылығымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында қандай мәселелер талқыланды?
Владислав Цой, тілші:
- Қазақстан Сыртқы істер министрінің Жапонияға соңғы 15 жылдағы алғашқы ресми сапары. Мұрат Нұртілеу Токиода бірқатар маңызды келіссөз жүргізді. Негізгі мәселелер – Жапония инвестициясын Қазақстанға ұлғайту және қазақстандық сирек жер металдарын Жапонияға жеткізу.
Ресми Астана мен Токио екіжақты қарым-қатынасты қайта жаңғыртуда. Еліміздің Сыртқы істер министрі Жапонияның премьер-министрі Шигэру Ишибамен кездесті. Тараптар Жапония және Орталық Азия елдерінің алғашқы саммитіне дайындық барысын пысықтады. Жоғары деңгейдегі кездесу 2024 жылдың тамызында Астанада өтуі тиіс еді, бірақ Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Қазақстанға сапарын еліндегі жер сілкінісі қаупіне байланысты кейінге шегерген болатын.
Халықаралық EXPO көрмесі биыл Осакада өтеді. Оған қазақстандық компаниялар да қатысады деп жоспарланған. Осы мәселе Жапония Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Ёшимаса Хаяшимен, сондай-ақ Экономика, сауда және индустрия министрі Йоджи Муто мырзамен кездесулер кезінде талқыланды. Жапония – Қазақстанға тікелей инвестиция салушы ең ірі он елдің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Қазақстанда 60-қа жуық жапондық компания табысты жұмыс істеуде. Келіссөздер барысында екі ел ынтымақтастығының басым бағыттары белгіленді. Олар – көлік және логистика, транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту және Қазақстаннан сирек металдарды Жапонияға импорттау.
Мұрат Нұртілеу жапондық әріптесі Такэши Иваямен де кездесіп, Қазақстан мен Жапония Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2026 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекітті.
Такеши ивая, Жапонияның Сыртқы істер министрі:
- Жапония мен Қазақстан құқық үстемдігі қағидатына негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті қолдау және нығайтуда маңызды стратегиялық әріптес саналады. Мен сіздің осы сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға серпін береді деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Жапониядағы елшісіне ерекше құрметімді білдіргім келеді, ол екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін үнемі белсенді жұмыс істеп келеді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Жапония – Қазақстанның тек Азия-Тынық мұхиты аймағында ғана емес, жаһандық деңгейде де негізгі және аса маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі. Біз екіжақты қарым-қатынастарымыздың болашағына үлкен оптимизммен қараймыз. Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту үшін Сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Қазақстан Жапониямен көлік және логистика, энергетика мен өнеркәсіп, цифрландыру, жасанды интеллект және жасыл экономика салаларында ынтымақтастық орнатуды көздейді. Осы мәселелерді Мұрат Нұртілеу Жапонияның Қазақстанмен достық жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Тошиаки Эндомен талқылады. Екі ел арасында үкіметаралық және жеке секторлардан тұратын бірлескен комиссия жұмыс істейді. Оның келесі отырысын биыл Астанада өткізу туралы шешім қабылданды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян