"Елімізде "Халифат құруымыз керек" дейтін сақалды спортшылар бар" - Ринат Зайытов

Жаңалықтар

ҚР Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елімізде діни жат ағымдар бар екенін , оның ішінде танымал адамдардың барын айтты.

Бұл туралы ол «Adal Adam» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Біздің дінді әу баста Кавказдан келгендер бұзды»

Ринат Зайытов елдегі діннің бұзылуы Кавказдан келгенін, олардың ізбасарлары қазіргі таңда Қазақстанда жүргенін айтты.

«Елімізге қауіпті ағымдардың өкілдері келіп жатыр. Көрші солтүстіктен олардың өкілдері келіп жатыр. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Біздің дінді әу баста кім бұзды? Біздің дінді әу баста Кавказдан келгендер бұзды. Сол жақтан келген уағызшылардан басталды. Қазір Саид Бурятскийдің ізбасарлары соғыс жағдайына байланысты Қазақстанға келіп жатыр. Ол өте қауіпті нәрсе. Кез келген ұйым «мемлекетке көнбеймін» десе ол қауіпті. Өйткені ол күндердің күнінде басын көтереді. Қазірдің өзінде заң шыққан кезде үлкен шу болуы мүмкін. Олар қазір өте қатты көбейіп жатыр. Бұлардың ар жағында шынайы дін ұстанып жүрген адамдар бар. Олар әзірге сабырлы, бірақ олардың істерін «дұрыс емес» демейді. Ол да қауіпті. Өйткені бұрылып кетуі бір сәтте», — деді мәжіліс депутаты.

Ол сұхбат кезінде елімізде «Халифат құруымыз керек» дейтін спортшылар барын айтып өтті.

«Ортамызда көптеген балалар бар ғой, олардың арасында спортшылар да бар. Ашық пікірталас кезінде «Халифат құруымыз керек, құрамыз да» дейтіндер бар, ол қазақтың жігіттері. Қазір өзге діни ағымдар бұрынғыдай сақалмен жүрмейді, сақалсыз да жүре береді. Байқау керек, өте абай болу керек. Мен оны тәрбиесіздіктен, білімсіздіктен көремін», — деді Ринат Зайытов.