Нұрсұлтан Алтынбек бокстан әлем кубогын жеңіспен бастады

Жаңалықтар

World Boxing аясындағы әлем кубогында жеті отандасымыз шаршы алаңға шығады.

Қазақстандық Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) Бразилияда өтіп жатқан әлем кубогының бірінші кезеңін жеңіспен бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алғашқы жекпе-жегінде ол бразилиялық Михаэль Тринидадпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында отандасымыз жинақы қимыл көрсетті. Қарсыласына көбірек соққы жұмсауға тырысты. Нәтижесінде қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалға жолдама алды.

Аталған жарыста еліміздің ерлер құрамасынан тағы жеті боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Нұрзат Оңғаров (50 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Алмат Әбдуәлі (65 келі), Дархан Дүйсебай (70 келі), Диас Молжігітов (80 келі), Дәулет Төлемісов (85 келі) және Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) бар.