Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 10-орынға түсіп қалды

Жаңалықтар

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде бұдан кейін де төмен түсуі мүмкін.

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

АҚШ-тағы Майами WTA 1000 турнирінің екінші айналымында-ақ 20 жастағы америкалық Эшлин Крюгерден ұтылып қалған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 8-ден 10-орынға төмендеді.

Аталған жарыста бұған дейін Е.Рыбакина қатарынан екі жыл финалға дейін жеткен еді. Биыл сол табысын қайталай алмай, рейтингілік ұпайынан айырылды.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде бұдан кейін де төмен түсуі мүмкін. Өйткені ол сәуір айында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуіне байланысты өткен жылы өзі чемпион атанған Штутгарт WTA 500 турниріне қатыспайды.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 24-тен 23-ке ауысты. Осы аптада Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінде сәтті өнер көрсетсе, Ю.Путинцева көрсеткішін жақсарта алады.

Қазақстандықтардан Анна Данилина жұптық сында 16-дан 17-ге сырғыса, Ю.Путинцева 76-дан 75-ке, Жібек Құламбаева 163-тен 162-ге жоғарылады.