Гвинеяда Режеп Тайып Ердоған атындағы мешіт ашылды

Жаңалықтар

Түрік мемлекетінің басшысы мешіт құрылысының жобасын жүзеге асыруға үлес қосқандардың барлығына алғысын білдірді.

Түркия президенті мешіттің ашылу рәсіміне онлайн режимде қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы-ға сілтеме жасап.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бейнеконференция режимінде Гвинея астанасы Конакриде оның атымен аталған мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Түрік көшбасшысы іс-шараға Ыстамбұлдағы Долмабахче резиденциясынан қосылды.

Мешіттің іргетасы 2023 жылы қаланды. Құрылыс 3,2 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда бір уақытта 2,1 мың адам намаз оқи алады.

Мемлекет басшысы "мешіттер – тек тас пен арнайы ерітіндіден тұрғызылған құрылыстар ғана емес, ақыл, сенім мен ар-ождан арқылы тұрғызылған туындылар" екенін атап өтті.

Ол Режеп Тайып Ердоған мешіті Түркия мен Гвинея халықтары арасындағы бауырластықтың символына айналатынына сенім білдірді.

– Бүгін біз мешітті ашып қана қоймай, жүректен жүрекке өтетін бауырластық көпірін орнаттық, – деді ол.

Президент "мешіт өзінің сәулетімен, ою-өрнегімен таң қалдыратынын" атап өтті.

– Осман мешіттерінің архитектурасынан біртұтас көлем мен ғимаратқа жапсарлас жабық галерея әсерін қамтитын бұл туындының көмегімен біз түрік-ислам дәстүрінің бай сәндік мотивтерін оның барлық үйлесімділігінде көрсетуге тырыстық, – деді ол.