Іс материалдарына сәйкес, сотқа Айша бибі кесенесі қарасты мұражай-қорық талап арызбен жүгінген. Бұл мекемеге ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын 2 гектар жер берілген .
Тараздық кәсіпкерлерге "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени мұражай-қорығы аумағында заңсыз иемденген ғимараттарды босату міндеттелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Кесене ХІ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған ортағасырлық сәулет өнерінің ең үздік туынды. Сол аумақта бірнеше техникалық ғимарат салынған. Алайда бес кәсіпкер бұл нысандарды заңсыз иемденіп, оны сауда жасау мақсатында пайдаланған. Мұражай-қорық сотқа жүгініп, кәсіпкерлердің сауда жүргізуге рұқсат құжаттары мен ғимараттарды коммерциялық мақсатта қолдануға құқықтары жоқ екенін алға тартып, ғимараттарды босатуды талап етеді. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұражай-қорық аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын еске салды.
"Төрт жауапкер талапты мойындамай, ғимараттардың 2010 жылы бір кәсіпкердің жеке қаражатына салынғанын және кейіннен сауда жүргізу үшін тегін берілгенін айтты. Бесінші жауапкер талапкердің талабымен келісті", – деп хабарлады Жоғарғы сот.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлердің мұражай-қорыққа тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденгенін анықтап, талапкердің пайдасына шешім шығарып, ғимараттарды босатуға міндеттеді.
Кәсіпкерлер апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді, енді кәсіпкерлер заңсыз иеленген ғимараттарды босатуға міндетті.