Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ЛГБТ өкілдеріне қатысты пәтуа шығарды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөліміні қоғамды арсыздықтан сақтануға шақырды.
”Шариғатымызда еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы — харам. Бұл азғындықтың ең ауыр түрі, лағынеттелген ібіліс шайтанның ісі. Олардың ақыреттегі жазасы өте ауыр.
Алла тағала қасиетті құранда: “Сол уақытта Лұт қауымына: Сендер жер бетінде өздеріңнен бұрын ешкім істемеген арсыздықты істеп, жан баласы бармаған арсыздыққа барасыңдар ма? Сендер әйелдерді қойып, нәпсі-құмарлықпен еркектерге жақындасасыңдар. Сендер шынында шектен шыққан қауымсыңдар”, деп айтқан. (Ағраф сүресі, 80-81 аят).
Пайғамбарымыз әйелдердің бір-бірімен жыныстық қатынасқа баруы — зинақорлық (Табарани рууаят еткен) деген” — делінген Мүфтияттың Instagram желісіндегі парақшасында.
Үкім
Қазақстан мұсылмандар басқармасы төмендегідей үкім шығарды.
1. ЛГБТ іс-әрекеттерінің шариғаттағы үкімі — харам. Бұл адам баласының жаратылысына қайшы келетін арсыздық.
2. Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса, соның ашық адасқаны әрі ондай адам Алланың қарғысына ұшырайды. Мұндай адам шынайы тәубе етіп, емделуі қажет.
3. Егер тәубе етіп, арсыз әрекетінен бас тартпаса, оның жаназасы оқылмайды және ақыреттегі жазасы өте ауыр болады.
Сондай-ақ, ҚМДБ өкілдері ЛГБТ-ны насихаттаушы топқа да тоқталды.
“Қоғамда әйелдер құқығын қорғаушылар және жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығушылар атын жамылып, ал іс жүзінде отбасы институтына қатер төндіретін азғындықты насихаттаушы жеке адамдар мен топтар пайда болды.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл қозғалысқа өз қарсылығын білдіреді және қоғамды мұндай арсыздықтан сақтануға шақырады”, — делінген жазбада.