Павлодар облысында ірі балық шаруашылығы жабылуы мүмкін

Жаңалықтар

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Павлодар облысындағы балық өсіретін ең ірі шаруашылық жабылуы мүмкін. Бұған Ақсу қаласы әкімдігінің Жоғарғы сот шешімін орындамауы себеп болып тұр. Яғни, бес айдан бері кәсіпкердің жалға алған жерінің мерзімін ұзартып беруден қашқақтап отыр. Мемлекеттік қызметшілердің бұл әрекеті Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесте қаралды.

Ребровка ауылындағы шаруашылық 4 млн балық өсіреді. Жыл сайын соның 1 миллионын өңірдің тоған-көлдеріне жібереді. Ішкі нарықты қамту үшін 100 тоннаға дейін ғана балық сатады. Себебі экспорттан бұрын әуелі өзен-көлдердің қорын молайту мақсаты тұр, дейді шаруашылық иесі. Мұндай кәсіппен айналысатындар аймақта санаулы ғана. Соған қарамастан Ақсу қаласы әкімшілігі 2022 жылы кәсіпкердің жалға алған жерінің мерзімін ұзартудан бас тартқан. Іле сол аумақтан басқа кәсіпкерге жер телімін берген.

Александр Веретенников, балық өсіретін шаруашылықтың басшысы:

Бізге жерді жалға беруді ұзартпаған соң сотқа жүгіндік. Үш жыл бойы барлық инстанциялардан өтіп, бәрін жеңіп шықтық. Әкімшілік Жоғарғы сотқа дейін барды. Жеңілді. Бірақ дереу күшіне енген шешімді орындамай отыр.

Енді бірер күнде мұз еріп балықтар уылдырық шашады. Оған дейін кәсіпкер жасанды тоғанда ұстап отырған балықтарды табиғи ортаға жіберуі керек. Үлгермесе қырылып қалады. Бұл деген шаруашылық үшін қып-қызыл шығын.

Елена Аймақанова, шаруашылық өкілі:

Егер балықтар қазіргі тұрған жерінде тұра берсе түгелдей қырылады. Оларды біз наурыз айының соңына дейін үлкен суға жіберіп үлгеруіміз керек. Уылдырықты сол жерде шашады. Ал қазіргі жерінде шашса түгелдей кеуіп қалады.

Кәсіпкермен үш жыл бойы соттасқан Ақсу қаласы әкімінен бастап жер телімдерін басқару бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі басшылары түгелдей жұмыстан кеткен. Ал, жаңадан келген басшылық қаулыны енді ғана орындауға кірісіп жатырмыз дейді. Келесі аптада кәсіпкерге жер телімін қайтарып беруге уәде етті.

Ренат Тлявкаев, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

Өтінішті тез арада қараймыз. Сосын жер телімдерін қайтарып береміз. «Колос» шаруа қожалығы қызметін бұрынғыша жалғастыра беруге болады.

Сот шешімін дер кезінде орындамаған мамандар басқа жұмысқа ауысып, мемлекеттік қызмет саласында жүрген болса жазалануы тиіс. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңеске қатысқан құзырлы орган өкілдері осындай ұйғарымға келді. Жергілікті билік Жоғары соттың шешімімін осы жолы аяқсыз қалдырса, онда шаруашылықтағы 30-ға жуық адамның жұмыссыз қалуы әбден мүмкін.

Болат Аманбаев