Соғыс өртіне шарпылған жастық шақ, ерлікке толы жылдар, жүрегіне мәңгі өшпес із қалдырған майдан… 2025 жылдың 23 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бүгінгі күнге аман жеткен 120 ардагер бар. Оның екеуі Шымкентте тұрады. Оның бірі — 101 жастағы Нина Мосунова. Майдангер соғыс туралы еске алғысы келмейді. Себебі әрбір естелік – жан жарасын қайта тырнап, көз жасын көл етеді. Десе де, ғасыр жасаған кейуана El.kz тілшісімен ұзақ өмір сүру құпиясымен, өмірлік ұстанымдарымен және жас ұрпаққа айтар өсиетімен бөлісті.
El.kz: Соғыс аяқталған сәттегі сезіміңізді сипаттап бере аласыз ба? Жеңіске жеткеннен кейін ең бірінші қандай қуанышты оқиға болды?
Нина Мосунова: Соғыс жылдарында біз күндіз-түні тек Жеңісті ойладық, соны ғана тіледік. Басымыздан өткен қиындықтар мен ауыр күндерді ұмытып, тек сол бақытты күнді аңсадық. Өзім радистердің командирі болдым ғой. «Жеңіс» деген хабарды алғашқы болып өзім алдым. Бұл хабарды алған сәттегі толқынысты сөзбен жеткізу мүмкін емес! Қуаныштан жүрегім дүрсілдеп, өз құлағыма өзім сенбей, бірден казармаға жүгіріп бардым. Ондағы сарбаздарға: «Жеңіс! Соғыс аяқталды!» – деп сүйінші сұрағанымда, алғашында ешкім сенбеді. «Сен қалжыңдап тұрсың ба?» – деп сұрап жатқандар да болды. Бірақ менің жүзімдегі қуаныш пен толқынысты көрген соң бәрі шын екеніне көз жеткізді.
Сол сәтте бәріміз бас киімдерімізді көкке лақтырып, бір-бірімізді құшақтап, қуаныштың көз жасына ерік бердік. Бұл – өмірімдегі ең ұмытылмас, ең әсерлі сәттердің бірі еді. Бір жағынан жүрегіміз қуанышқа толып тұрса, екінші жағынан, әлі де сене алмай тұрғандай күй кештік. Себебі жылдар бойы соғыстың ауыртпалығын көрдік, жақындарымызды жоғалттық, түрлі қиындықтарды бастан өткердік.
Жеңістен кейінгі ең үлкен қуанышым – туған еліме аман-есен оралуым болды. Соғыс аяқталған соң майдангерлер туған жерге лек-легімен аттана бастады. Мен де туған жеріме асықтым. Өз үйімнің табалдырығын аттап, отбасыммен, туған-туыстарыммен қайта қауышқан сәт – өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі еді.
Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын, жеті ағайындымыз. Соғысқа әкем екеуміз бірге аттандық. Біз үшін ең үлкен жетістік – соғыстан екеуміздің де аман-есен, жарақатсыз оралуымыз болды. Бұл біздің отбасы үшін шынайы бақыт еді! Бастысы – Жеңіс, бастысы – деніміздің саулығы!
(Фотода Нина Мосунова © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Соғыстан оралғаннан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді?
Нина Мосунова: Соғыстан кейінгі өмір – нағыз қиын-қыстау кезең болды. Соғыс біткенмен, халықтың тұрмысы өте ауыр еді. Жоқшылық пен аштық жайлаған уақыт. Қаншама адамдар үйлерінен, туған-туыстарынан айырылды. Жұмыс жоқ, азық-түлік тапшы. Тірі қалғандар тек алға жылжуды ойлап, бар қиындыққа төтеп беруге тырысты. Ол заманның ауыртпалығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халық әупірімдеп күн кешіп жатты. Аш-жалаңаш күндеріміз өтті. Кейбір ауылдарда адамдар жапырақ жеп, ағаш тамырларын қазып алып, соны азық етті. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін біртіндеп ел есін жиып, тіршілік жандана бастады. Әркім өзіне жұмыс іздеп, болашағын қайта құруға тырысты. Мен де өз күнімді көру үшін еңбекке араластым. Сол кезде менің Қазақстанда тұратын туыс әпкем бар еді. Бір күні ол маған: «Мүмкін бізге келерсің? Мұнда күн жылы, халқы да жайдары. Бір келген соң, қалғың келіп кетеді» – деп шақырды. Оның сөздері көңіліме үміт ұялатты. Осылайша, әпкемнің шақыруымен 1948 жылы Шымкентке көшіп келдім. Бұл менің өмірімдегі жаңа кезеңнің бастауы болды.
Шырайлы Шымкентке келген соң осы қалада болашағымды құруды шештім. Осында жүріп, болашақ жарым Анатолий Мосуновпен таныстым. Ол өз ісінің шебері, бірінші дәрежелі фризерші оператор болып жұмыс істеді. Еңбекқор, жауапкершілігі мол, өте қарапайым адам еді. Ал мен алғашында кітапханашы, кейінірек хатшы-машинист болып жұмыс істедім. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымыз бір-бірімізге қатты ұқсайтын. Осылайша тағдыр жолымызды тоғыстырып, шаңырақ көтердік. Отбасымыз берекелі, сыйластыққа толы болды. Бір ұлды дүниеге әкеліп, оны өсіріп, тәрбиеледік. Өкінішке қарай, 15 жыл бұрын жолдасым сырқаттан көз жұмды. Ол өмірден өткеннен кейін де мен берілмей, өзімді сергек ұстауға тырыстым. Қазір бір ұлымнан тараған екі немерем, алты шөберем бар. Солардың амандығы мен бақытын тілеп, осы күнге жеткеніме шүкір деймін.
(Фотода Анатолий Мосунов © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Жолдасыңызбен қайда, қалай таныстыңыз?
Нина Мосунова: Ол кез дәл қазір есіме түспей тұр. Қарттық деген өзінікін алады екен ғой (күліп).
El.kz: Бейбіт заманның қадірін қазіргі жастар қаншалықты бағалап жүр деп ойлайсыз?
Нина Мосунова: Өкінішке қарай, қазіргі жас ұрпақтың көбі бейбіт заманның қадірін толық сезіне бермейтін сияқты. Оған кінәлі де емес шығар, өйткені олар соғыстың азабын, аштықтың ауыртпалығын, жоқшылықтың тауқыметін көрген жоқ. Біз көрген қиындықтарды бастан өткермегеннен кейін, олардың бейбітшіліктің мәнін терең ұғынбауы заңдылық та болар. Олар соғысты көрмей-ақ қойсын деп тілеймін!
Қазіргі жастардың барлығын бірдей жаман деуден аулақпын, бірақ кейбіреулері тоқшылыққа бой үйретіп, қолда бардың қадірін білмей жатқандай көрінеді. Әрине, заман басқа, уақыт өзгерді. Қазіргі жастардың көзқарасы да, өмір сүру салты да біздікіне мүлдем ұқсамайды. Дегенмен, олардың бейбітшіліктің, тыныш өмірдің қаншалықты бағалы екенін түсінгенін қалар едім. Өйткені тыныштық пен тұрақтылық – кез келген халықтың, кез келген елдің ең басты байлығы. Осы ұлы құндылықтың маңызын түсініп, соны сақтауға тырысса, нағыз саналы ұрпақ солар болар еді.
(Фотода Нина Мосунова © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Ғасыр жасынан асып отырсыз. Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде?
Нина Мосунова: Ұзақ өмір сүрудің ешқандай сиқырлы құпиясы жоқ. Бұл – ең алдымен, өмір салтына байланысты. Менің өмір бойы ұстанып келген басты қағидам – денсаулыққа зиян келтіретін нәрселерден аулақ болу.
Біріншіден, спирттік ішімдіктен түбегейлі бас тарту керек. Ол – адам ағзасына орасан зор зиян келтіретін у. Өмірімде бір рет те ішімдік ішіп көрмеген жанмын. Сол себепті болар, денсаулығым ұзақ жылдар бойы жақсы болып келді.
Екіншіден, тамақтану тәртібіне мән беру қажет. Көп адамдар ауыр тамақ жеп, асқазанға күш түсіріп жатады. Мен ешқашан тойып тамақтанған емеспін. Аз-аздан, бірақ жиі тамақтану – ең дұрыс әдіс деп санаймын. Осы әдетімнің арқасында асқазаным да, жалпы денсаулығым да жақсы болды.
Үшіншіден, ашықтырудың пайдасы зор. Соғыстан кейінгі жылдары өзім үшін ерекше ереже енгіздім: аптасына бір рет – жұма күні тамақтан толық бас тартамын. Тек су ішіп, ағзамды тазартып, жеңілдетіп жүретінмін. Бұл әдісті ұзақ жылдар бойы қолдандым. Бірақ соңғы жылдары жасымның ұлғаюына байланысты қан қысымым жоғарылап, денсаулығым сыр бере бастаған соң бұл әдетімді тоқтатуға тура келді. Дегенмен, әлі күнге дейін тамақты шамадан тыс көп жемеймін.
Тағы бір айтарым – тағам талғамаймын. Алдыма не қояды, соны жей беремін (күліп). Тәбетім жақсы. Шамадан тыс тамақ талғау, қажетсіз диеталар ұстану да ағзаға артық салмақ салады деп ойлаймын. Ең бастысы – адамның ішкі көңіл күйі мен өмірге деген оң көзқарасы. Көңіл күй жақсы болса, денсаулық та соған сай болады.
El.kz: Қалай ойласыз, адамдардағы ортақ құндылықтар өзгерді ме? Бұрынғы адамдардың ұстанымдары мен қазіргі адамдардың көзқарасы қандай айырмашылыққа ие?
Нина Мосунова: Иә, қазіргі қоғамда адамдардың құндылықтары белгілі бір өзгерістерге ұшыраған деп айта аламын. Бұрынғы заманда адамдардың басты ұстанымы еңбексүйгіштік, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету болатын. Қоғамдық ортада адалдық пен шынайылық жоғары бағаланып, адамдардың бір-біріне деген сенімі берік еді. Ал қазіргі уақытта материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шықты. Ақша, әлеуметтік мәртебе, жеке жетістікке ұмтылу сияқты факторлар адам өмірінде басты рөл атқара бастады. Дегенмен, бұл барлық адам өзгерді деген сөз емес.
(Фотода Нина Мосунова © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Бұдан өзге қазіргі адамдарға жетіспейтін ең басты қасиет қандай деп ойлайсыз?
Нина Мосунова: Қазіргі адамдарға ең басты жетіспейтін қасиет – мейірімділік. Қазір қоғамда немқұрайлылық, өзгенің мәселесіне бей-жай қарау жиі кездеседі. Қарапайым жылы сөздің, қолдаудың өзі үлкен маңызға ие екені ұмытылып жатады. Егер әркім жүрегіне мейірімділік ұялатса, әлем әлдеқайда жақсара түсер еді.
El.kz: Қандай ұстанымдар мен қағидаларды өмір бойы ұстанып келесіз?
Нина Мосунова: Өмір бойы ұстанып келе жатқан ең басты қағидам – адалдық. Ешқашан өтірік айтпауға, шыншыл болуға тырысамын. Өйткені шындық – кез келген қарым-қатынастың, жалпы өмірдің берік іргетасы деп білемін. Сондай-ақ, ешқашан біреудің сыртынан сөз тасып, өсекке араласпау – басты ұстанымым. Біреудің сыртынан жаман айту, жалған сөйлеу – адамның өз абыройына да, өзгеге де зиянын тигізеді. Сондықтан мұндай әрекеттерден әрдайым аулақ болу қажет.
Тағы бір қағидам – адамдармен ұрыспау, ренжіспеу. Әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар. Оны түсініп, сыйлай білу керек. Өмірде қандай жағдай болса да, артық ашуға берілмей, сабыр сақтаған жөн. Бірақ керек жерде қатал болуды да білемін. Себебі өмірде әділдікті сақтау үшін кейде табандылық пен қаталдық қажет болады.
El.kz: Өміріңізде қандай шешім сіз үшін ең маңызды болды деп санайсыз?
Нина Мосунова: Өмірімде қабылдаған әрбір шешім мен үшін маңызды болды деп ойлаймын. Себебі әрбір таңдау, әрбір қадам менің бүгінгі күнге қалай жеткенімді айқындады. Кейбір шешімдер оңай қабылданды, ал кейбірі ұзақ ойлануды, толғануды қажет етті. Бірақ қандай жағдай болмасын, өзімнің ішкі сеніміме, жүрегіме құлақ асып шешім қабылдадым. Ең бастысы – ешқашан жасаған таңдауыма өкінбеу. Себебі әрбір шешім – өмірлік сабақ, тәжірибе.
El.kz: Егер өміріңіздің ең маңызды сабағын бір сөйлеммен жеткізу керек болса, ол қандай болар еді?
Нина Мосунова: Өмірде қандай жағдай болмасын, өмір сүре білу керек, өмір сүру қажет! Себебі қиындықтар мен сынақтар – уақытша, ал өмірдің өзі баға жетпес мүмкіндік. Әр сәтті бағалап, әр күнді мәнді өткізу маңызды.
El.kz: Өмірдің басты байлығы неде деп ойлайсыз?
Нина Мосунова: Өмірдің басты байлығы – денсаулық пен өмірдің өзі. Денің сау болса, кез келген қиындықты жеңуге, армандарыңды жүзеге асыруға болады. Барлық жетістік пен бақыттың негізі – денсаулық, сондықтан оны күту ең маңызды нәрсе.
El.kz: Орындалмаған арманыңыз бар ма?
Нина Мосунова: Шынымды айтсам, қазір есіме түспей тұр (күліп). Бастысы, заманымыз тыныш, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сонау қиын-қыстау заманда көрген қиыншылықты біздің қазіргі ұрпақ көрмесін деп тілеймін.
El.kz: Жас ұрпаққа бір сөзбен қандай кеңесіңізді жеткізер едіңіз?
Нина Мосунова: Жас ұрпаққа айтарым – салауатты өмір салтын ұстанып, адал болыңдар. Әлемде, мемлекетімізде бейбітшілік орнап, әр отбасыға тыныштық пен береке бұйырсын! Ең бастысы, әр адам өз жанының тыныштығы үшін әділ әрі адал өмір сүруді ұмытпасын.
El.kz: Ғұмырыңызда сізге ең қатты әсер еткен кітап немесе адам кім болды?
Соғыс ардагері бұл сауалымызға ұзақ ойланды. Немересі Лариса сұхбатты әрмен қарай жалғады.
Лариса Поречнева: Әжеміздің досы да, ақылшысы да, жол сілтері де өзі болды. Өміріне ең қатты әсер еткен нәрсе кітап дер едім. Ол кітапты ерекше сүйіп оқитын, тіпті кешегі соңғы жылдарға дейін қолынан тастаған емес. Білімге, ізденіске деген құштарлығы соншалық, әрбір оқыған дүниесінен сабақ алып, өмірлік ұстанымын қалыптастырған. Бәлкім, оның терең түйсігі мен парасаты да осы кітаптан келген болар. Сонымен қатар, әжеміз – өз өмірін өзі қалыптастырған, адал еңбегімен биікке жеткен жан. Ол әділдікті жоғары бағалап, еңбексүйгіштігімен ерекшеленетін. Қолынан келген істің бәріне өзі кірісіп, ісмерлікке жақын болды. Тоқу, тігу сияқты өнерлерді жетік меңгеріп, өзіне қажетті киім-кешекті де өзі тігіп алатын. Оның осындай еңбекқорлығы мен табандылығы – айналасына да үлгі болған қасиеттерінің бірі.
(Фотода Нина Мосунова немересі Лариса Поречневамен © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Әжейге күнделікті қандай әдеттер күш-қуат береді?
Лариса Поречнева: Әжеміз бұған дейін күн сайын таңертең міндетті түрде жаттығу жасайтын. Сонымен қатар тыныс алу жолдарына арналған жаттығуларды да қатар алып жүретін. Бос уақытында қарап отырмай, киім тігіп әрі тоқып, бақшадағы жұмыстармен айналысты. Ауласын түрлі гүлдермен жайқалтып қоятын. Әжем раушан гүлдерін қатты ұнатады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары денсаулығына байланысты бұл әдеттерінен қол үзді. Дегенмен, қазір жаңалықтарды үзбей қарап, елде және әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырады. Көрген жаңалықтарын бізбен бірге талқылап, өз пікірін білдіреді.
El.kz: Сізге сұхбат бойынша хабарласып, уақытты белгілегенімізде «Әжей тек таңға жуық ұйықтайтынын, түске дейін мазаламау қажеттігін» айтып едіңіз. Нина әжейдің ұйқы режимі бұрыннан осындай ма?
Лариса Поречнева: Жоқ, бұрын әжеміздің ұйқы режимі тұрақты, қалыпты болатын. Әсіресе, соғыстан кейінгі жылдары еңбекқорлығының арқасында күн тәртібі өте реттелген екен. Таң атысымен тұрып, үй шаруасына, жұмысына кірісіп жүрген. Бірақ соңғы алты айдың көлемінде ұйқысы мүлде өзгеріп кетті. Бұл, бір жағынан, жасына байланысты деп ойлаймын. Әжеміз қазір 101 жасқа келді, ағзасы да қартайып, әлсіреп барады. Бұрын таяққа сүйеніп жүретін болса, қазір оны да тастап, төсек тартып жатыр. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан ұйқысы да бұзылып, күндіз мызғып, түнде ояу жататын әдеті пайда болды. Тағы бір себебі – ішкі толғаныстары мен ойлары. Әжеміз кейде терең ойға шомып, өткен өмірін еске алады. «Болды, жасым келді. Алла тағала мені қашан алар екен?» деп ауыр сөздер айтып қалады. Әрине, мұндай сөздерді есту бізге өте қиын. Бірақ біз әрдайым: «Алла өмір берді ме, оны алатын да өзі» деп көңілін жұбатуға тырысамыз. Біз үшін бастысы – әжеміздің өзін жайлы сезінуі. Сондықтан оны мазаламауға, көңілін аулауға, жанында болып, бірге әңгімелесуге тырысамыз.
(Фотода Нина Мосунова © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Айтыңызшы, бәлкім Нина әжей немелерімен емін-еркін сөйлескен сәтті өзінің орындалмаған арманы туралы айтқан шығар. «Әттең, сол кезде осы арманыма қол жеткізе алмадым» деген сияқты өкініштері болған ба?
Лариса Поречнева: Негізі әжеміз өткен өмірін көп айта бергенді ұнатпайтын адам. Өтті, кетті. Бастысы, басымыз аман, деніміз сау дегенді жиі айтады. «Біз көрген соғысты мына сендер көрмеңдер» деп үнемі тілеп отырады. Әжеміз көп қиындықты көріп өскен ғой. Тіпті ішерге ас таппай, аш жатқан күндері болған. Өздеріңіз білесіздер, соғысқа дейінгі заманнан бастап халық қатты қиналған. Біз ес білгелі әжеміздің қарны тойып тамақ ішкенін көрген емеспіз. Өзіне арнайы тамақ дайындалса да, «жетеді, аз да болса жеткілікті» деп шектеліп қана қояды. Ол кісі астатөк дастарқанды, ысырапшылдықты мүлдем ұнатпайды. «Бастысы – жейтін нан мен ішер су болса, соның өзі жетеді» деп отырады. Қазір де осы әдетінен жаңылған жоқ. Тек мереке күндері ғана дастарқанды барынша молынан жаямыз, оның өзінде «тым көп жасамаңдар, ысырап болмасын» деп қадағалап отырады. Өмір бойы еңбек еткен, жоқшылықтың не екенін жақсы білетін адам ретінде қанағатшылдық пен шүкіршілікті бәрінен жоғары қояды.
El.kz: Нина әжей, өзінің ана тілі ұдмұрт және орыс тілінен бөлек қазақ тілін де меңгерген екен. Тілді қашан, қайдан үйренген?
Лариса Поречнева: Негізі ұдмұрт тілі мен татар, қазақ, өзбек тілдерінің арасында ұқсастықтар көп. Әжеміздің тілге деген бейімі жоғары болғандықтан, өз ана тіліне жақын тілдерді жылдам меңгеріп кеткен болуы керек.
Әжеміз қазақ, өзбек, татар ұлттарының өкілдерімен еркін тілдеседі. Қазақ ұлтының адамы келсе – қазақша, өзбек ұлтының адамы келсе – өзбекше, татар болса – татарша сөйлесе береді. Бала кезімізде бұл біз үшін үйреншікті жағдай еді. Қазір де Ресейдегі туыстары жиі хабарласып тұрады. Олардың бәрімен өз ана тілі – ұдмұрт тілінде емін-еркін сөйлеседі. Жақында ғана 9 наурызда туған күнінде көзі тірі қалған жалғыз бауыры хабарласты. Ол Ресейдегі қара шаңырақта тұрады. Әжеміз бен сіңлісі ұзақ уақыт ұдмұртша сөйлесіп, өткен-кеткенді еске алды. Қазір ойлап қарасам, біз де бала күнімізде ұдмұрт тілін үйреніп алуға болатын еді. Бірақ сол кезде оған мән бермеппіз, еш ойланбаппыз да.
(Фотода Нина Мосунова немересі Лариса Поречневамен © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Әжеңізді бір сөзбен сипаттап беріңізші....
Лариса Поречнева: Әжем – қаталдығы мен мейірімділігі қатар жүретін, еңбекқор, қамқор жан. Ол әрдайым өзгеге қол ұшын созуға дайын тұратын, ешкімге "жоқ" демейтін жанашыр адам. "Бүгін мен оған көмектессем, ертең ол маған қол ұшын созады" деп жақсылықтың қайтарымы болатынын жиі айтып отырады.
El.kz: Сұрапыл заманға қатысты аз-кем ақпаратты өзіңізден білсем деп едім. Нина Егоровна соғысқа қай жылы, қай жерден аттанды?
Лариса Поречнева: Әжеміз 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елдімекенінде дүниеге келген. 8 сыныптық мектепті тәмамдап, сол ауылдағы 500 бас шошқасы бар фермаға жұмысқа орналасады. Тумысынан еңбекқор, өз ісіне адал, жауапкершілігі мол жан болғандықтан көп ұзамай сол ферманың меңгерушісі болып сайланған. Бір күні фермаға сол маңайға белгілі, дәурені жүріп тұрған басшыcымақ бір кісі келеді. Ол әжемнен фермадағы ең құнды, төл беру көрсеткіші жоғары шошқалардың бірін беруді бұйырады. Алайда әжем «Бұл – мемлекет меншігі, өз еркіммен бере алмаймын» деп үзілді-кесілді бас тартады. Мұны естіген әлгі кісі «Мен саған көрсетемін!» деп ашуға булығып кетіп қалады.
Арада үш күн өткенде әжемізге әскери шақырту келеді. Бұл – 1943 жыл болатын. Сенесіз бе, сол кезде Урустамак ауылынан соғысқа шақырту алған жалғыз адам – менің әжем еді. Тіпті сол уақытта бірде-бір ер адам соғысқа алынбаған!
Әжеміз майданға өз еркімен бармаған. Бір апта бойы тамақ ішпей, су да татпай, қарсылық танытыпты. Бірақ әскери комиссариаттың адамдары: «Көз жасыңды төгудің қажеті жоқ, бұл – әскер. Жоғарыдан бұйрық түсті» деп үзілді-кесілді талап қойған. Осылайша, әскери оқу-жаттығудан өткен соң радистердің командирі болады. Сол кезде ол кәмелет жасына енді толған-не толмаған қыз еді...
(Фотода Нина Мосунова немересі және шөбересімен © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Нина әжей соғыс аяқталып, елге оралған соң өзін соғысқа мәжбүрлі түрде аттануына ықпалы тиген әлгі кісіні кездестірген бе? Ол кісінің тағдыры қалай болыпты?
Лариса Поречнева: Бұл туралы бізде нақты ақпарат жоқ. Әжеміз де соғыстан кейін ол адамды қайта көрмеген. Оның қандай тағдыр кешкенін білмейміз...
El.kz: Әжейдің фронттағы өміріне тоқталсақ, әйелдер мен ер адамдарға бірдей талап қойылған ба? Соғыстағы қиын сәттері туралы бәлкім сіздермен бөліскен шығар?
Лариса Поречнева: Негізі Нина әжей соғыс туралы көп айтпайды. Біз бала кезімізде қайта-қайта сұрақтың астына алатынбыз. Бірақ ол кісі "Сендерге білудің қажеті жоқ" деп қысқа қайыратын.
Соғыс жылдары әділетсіздік аз болмады ғой... Өзіңіз ойлап қараңызшы, небәрі 17 жасында соғыс майданына аттанған. Қазір осы жастағы қыздар мектепті енді бітіріп, үлкен өмірге қадам басуға дайындалып жатады. Ал әжеміз сол жасында қару асынып, майдан даласына кеткен.
Соғысқа дейін Нина әжейдің қолаң шашы беліне түскен екен. Бірақ майданға келген бойда бірінші кезекте шашын қиып тастаған. Себебі соғыста әйел деп ешкім аяушылық танытпайды, барлығы бірдей тәртіпке бағынады. Әскерде ерлер мен әйелдерге қойылған талаптар бірдей болған. Қатаң тәртіп, темірдей заң...
Бала күнімізде әжеміздің майданда түскен суреттерін қарап отырып, қасындағы өрімдей жас қыздарға көзіміз түсетін. «Ал мынау кім?» деп сұрай бергенімізде, әжеміздің көңіл күйі түсіп кететін. Бір күні шыдамады, мұрағаттағы суреттерін өртеп жіберді... Арасында бір-екеуін сақтап үлгердік.
Негізі Нина әжей соғыс заманын еске түсіргенді, жалпы соғысқа қатысты әңгіме айтқанда мүлдем ұнатпайды. Ол үшін соғыс – ауыр тақырып. Сұрай қалсаң, көзіне ерік беріп, теріс қарап жатып алады. Сенесіз бе, біз үйде соғыс туралы ән тыңдамаймыз, фильм де көрмейміз. Себебі әжейдің көңіл күйі бірден түседі. Тіпті бала күнімізде бала боп ойыншықпен атыспақ ойнамағанбыз. Үйде менен кейін інім болды. Оның да ойыншық тапанша, автомат дегені болмаған. Әлі күнге дейін біздің отбасында соғыс тақырыбы жабулы.
(Фотода Нина Мосунова шөбересімен © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Білуімше, Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс майдангерлеріне арнап парад ұйымдастырылады. Одан бөлек соңғы жылдары әскери оркестерлер соғыс ардагерлерінің үйіне арнайы барып, әскери әнді шырқап жүр. Бұған Нина Егоровнаның көзқарасы қандай?
Лариса Поречнева: Әрине, әжеміз мұндай әндерді өте ауыр қабылдайды. Соңына дейін тыңдай алмайды, аяқ-қолы дірілдеп, көзінен тоқтаусыз жас ағады. Жасы келген адам ғой, соғыс туралы естеліктер ауыр тиеді. Әсіресе, әскери әуендерді тыңдағанда жүрегі қатты елжіреп, қан қысымы көтеріліп кетеді.
El.kz: Сонда әскери оркестр орындаушылары үйлеріңізге рұқсатсыз келе ме? Олардан «Келудің қажеті жоқ» деп сұрауға болмай ма?
Лариса Поречнева: Рұқсат сұрайды, әрине. Бірақ қанша рет «Қажеті жоқ» деп айтсақ та, тыңдамайды. «Бізге де хаттамалық есеп үшін қажет. Көпшілікке, телеарна мен БАҚ беттерінде жариялауымыз керек» деп ашық айтады. Алғашқы жылдары түсіндіруге тырысып, өтінген едік, бірақ кейін «Тағы да сол есеп үшін бе?» деп өзіміз сұрайтын болдық. Олар да еш қымсынбай «Иә» деп жауап қатады.
Ол жақта мұндай сценарийді кім жазып, кім бекітетінін білмеймін... Бірақ әрбір осындай музыкалық қойылымнан кейін әжеміздің қан қысымы көтеріліп, көңіл күйі күрт түсіп кетеді. Біз үшін бұл тек мерекелік концерт емес, әжеміздің денсаулығына әсер ететін ауыр сынақ сияқты.
El.kz: Айтыңызшы, қазір мемлекет соғыс ардагерлеріне тиісті көңіл бөліп жатыр ма?
Лариса Поречнева: Қазіргі таңда мемлекет соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан көбірек көңіл бөле бастағаны рас. Дегенмен, бұл қамқорлық тек соңғы жылдары күшейген сияқты. Бұған дейін ардагерлердің жағдайына көп мән берілмей келгені жасырын емес. Мысалға алсақ, әжеміз қаншама жылдан бері осы ескі үйде тұрады. Бұл үйде қажетті жағдайлар жасалмаған, тіпті үйдің ішінде шомылуға арналған үлкен ыдысқа су толтырып, сосын электрлі пеш қосып, бөлмені жылытып аламыз. Содан соң барып әжейді сонымен шомылдыруға тура келетін. Әжей әр табалдырықтың есігін қағып жүруді ұнатпайды. Былтыр Жеңістің 79 жылдығында қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековке өтініш білдірдік. Ол кісі өтінішімізді бірден назарға алып, көп ұзамай екі бөлмелі пәтер берілді. Әрине, бұл үшін әкімге алғыс айтамыз. Жыл сайын ардагерлерге мемлекет есебінен бір реттік төлем беріледі, бірақ ең өкініштісі – олардың жағдайын тек Жеңіс күні қарсаңында ғана еске алатыны. Ардагерлердің еңбегін, ерлігін жыл бойы ескеріп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға тұрақты түрде көңіл бөлінсе, әділетті болар еді.
El.kz: Сұхбаттарыңызға рахмет!
(Фотода Нина Мосунова және соғыс майдангерлері © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
(Фотода Нина Мосуновамен соғыс майданында болған жауынгерлер © El.kz/Жансая АҚБАЛА)