Петропавлда ғасыр жасаған соғыс ардагері тұрады

Жаңалықтар

Валентина Волкодав биыл 103-ші көктемін қарсы алды. Майданға 19 жасында аттанған ол Берлинге дейін жетіп, елге аман оралды.

Валентина Волкодав қан майданға небәрі 19 жасында аттанды. Соғыс даласында бұзылған көпірлерді қалпына келтіріп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Қазір сол зұлмат жылдарды еске алғысы келмейді. Тек бейбіт заман тілейді.

Валентина Волкодав, соғыс ардагері:

- Енді ешқашан да соғыс болмасын. Мен оның зардабын жақсы білемін. Жастық өміріміз майданда өтті. Институтқа түскен кезім еді. Оқудың орнына майданға кеттім. Сондықтан бейбіт заманның қадірін білейік.

Соғыс ардагері өмірлік жарын майданда жолықтырған. Екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жолдасы бақилық болғаннан кейін қызының қолында тұрады. Немере, шөберелері де жиі келіп, көңілін аулайды.

Мария Недвига, В.Волкодавтың немересі:

- Екі жарым жасымнан әжемнің қолында өстім. Балабақша, мектепке де өзі апарды. Жақсылыққа үйретті. Ол әлі күнге дейін газет оқып, жаңалықтарды қалт жібермейді. Өмірді сүйеді. Сондықтан болар, ұзақ жасап келеді.

Валентина Волкодав биыл 103-ке толды. Ғасыр жасаса да әлі тың. Үй ішінде өзі жүріп тұрады. Ал Жеңіс күні орталық алаңға барып, көпшілікпен бірге мерекелік іс-шараларға қатысады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков