ҰБТ кезінде ереже бұзған 121 түлектің нәтижесі жойылды

Жобалар

ҰБТ тапсыру кезінде ереже бұзған 121 түлектің нәтижесі жойылды.

Наурыз айындағы сынақтардың үшінші аптасының қорытындысы осындай. Талапкерлердің 70 пайызы қазақ тілінде, 29 пайызы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тест тапсырған. Ең жоғары ұпай жинап үлгіргендер де бар.

Мұхамедәлі Мұхтар химия пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Сол үшін ҰБТ-да осы пәнді таңдаған. Қазір астаналық түлек екі рет емтиханға кіріп үлгерді. Ең жоғарғы нәтижесі 120 бал. Бірақ мамыр айында болатын шешуші тестте бұл көрсеткіштен асып түсуді мақсат тұтқан. Сондықтан қызу дайындалып жатыр.

Мұхамедали Мұхтар, 11-сынып оқушысы:

- Күнделікті үзбей дайындалу керек. Яғни бұл жерде аз-аздан дайындалсаң да үзбей дайындалсаң ол жоғары нәтижеге жетуге септігін тигізеді. Және ең бастысы таңдау пәндерің өзіңе ұнауы керек. себебі таңдау пәндерің өзіңе ұнамаса жоғары нәтижеге жету өте қиын болады. Немесе мүмкін болмауы да мүмкін.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді бес рет тапсыруға мүмкіндік бар. Бірінші емтихан ақпан айында өтті. Қазір наурыз айындағы сынақтар жүріп жатыр. Әзірге ең жоғары балл – 139. Оны Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында оқитын 2 талапкер жинады.

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

- Үшінші аптасының қорытындысы жарияланды. Қорытындыға сәйкес 88 мыңға жуық түлек ұлттық біріңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде 72 пайызы шекті балдан өтті. Жалпы бұл ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беріледі.

Қазіргі таңда 121 оқушының нәтижесі жойылды. 43 талапкер смартфон және тыйым салынған заттарды алып өтпек болған. Ал тестілеу кезінде ережелерді бұзған 55 түлек аудиториядан шығарылды. 23 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жарамсыз деп танылды. Бұл материалдар 31 қазанға дейін талданады.

Серік Селеубайұлы, Әлібек Әлиев