Қазіргі уақытта еліміздегі 6000-нан аса ауылда 7 жарым миллион халық өмір сүріп жатыр.
Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауылдық аймақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынып та келеді. Мысалы, былтыр ауылдық жерлерде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жеткен.
2025 жылғы деректер бойынша республикада 6179 елді мекен бар екендігі, мұнда 7 жарым миллион халық өмір сүріп жатқаны айтылады.
2019 жылдан бастап түрлі елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі іске асырылуда. Бұл жүйе әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің нақты көрсеткіштерін, халықты көліктік, мәдени-спорт, іскерлік, өндірістік, цифрлық қызметтермен қамту деңгейін көрсетеді.
– Аталған жүйенің нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы орташа қамтамасыз ету деңгейі 65,8%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Қамтамасыз ету деңгейі жоғары немесе қамтамасыз ету деңгейі орташа ауылдардың санының артып келе жатыр. Нақты айтсақ, қамтамасыз ету деңгейі жоғары, яғни 80%-дан асқаны 1435 бірлікке шығып отыр. Бұл 2023 жылға қарағанда 119 ауылға артып отырғандығын көрсетеді. Ауылдарды ауызсумен қамту деңгейі 97,8%-ға, электр қуатымен қамту деңгейі 99,8%-ға жетіп отыр, – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Осы күні Министрлік тарапынан 2023-2027 жылдарға арналған "Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы" жүзеге асырылуда. Бұл құжат ауыл өмірінің әртүрлі саласын қамтитын бірқатар бағдарламалық құжаттың ережелерін біріктірген. Онда "Жайлы мектеп", "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту", "Ауыл – ел бесігі", "Ауыл аманаты", "Дипломмен ауылға", Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тұжырымдамасы, "Бір ауыл-бір өнім" жобалары бар.