0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Ақмола облысында қар күрт еріп, Макинск қаласының көшелерін кілкіген су басты. Қарғын судың бетін қайтармақ болып әрекет қылғанмен, оншақты үйге су кірген. Қаладағы ахуалды әріптесім Бибінұр Әмірханқызы жеткізеді.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Қаланың орталық көшелерімен өтетін бұл арық даладан бастау алады. Сондықтан көктемде дала мен орманнан жиналған су осы арық арқылы өтіп, Қараөзек ауылындағы Қайрақты өзеніне құяды. Биыл қар күрт ерігеннен арықтағы су арнасынан шығып, жанындағы №1 мектепке қауіп төндірді. Абырой болғанда су мектеп ішіне кірген жоқ. Десе де, қауіпсіздік үшін оқушылар кешеден бері қашықтықтан оқуға көшірілді. Ал мектеп айналасына инертті материалдар толы қапшықтар төселді.
Қарғын су бірнеше көшеге жайылған. Аулаға кірген суды шелектеп төккен жұрт жергілікті әкімдіктің жұмысына наразы. Арықты дұрыс тазартып, кеңейткенде әбігерге түспейтін едік дейді.
Елена Балахонова, қала тұрғыны:
Балам мектептен келгенде ауламыз таза еді. Сендерді су басты деп көрші әжей жүгіріп келді. Сол 5-10 минуттың аралығында ауланы түгел су басып қалған. Бұл мына үйдің жанындағы арықтың тасуынан болды. Мен үйге кіріп, төсеніштерді жинап, техниканы түгел электр желісінен ажыраттым. Су үйге де кірді, қазірдің өзінде су кеткен жоқ. Жерқойма суға толып тұр.
Арықтан жайылған су Екатеринаның да үйіне кірген. Еденнен көтерілген суды олар шелектеп тасыған. Қазір жертөледегі суды сағат сайын екі бірдей құрылғымен сорып сыртқа шығарып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ.
Екатерина Кузнецова, қала тұрғыны:
Үйімізді су басып, сағат сайын осылай суды соруға мәжбүр болып отырмыз. Бұл – арықтан келген су. Жылда осылай, арнасынан асып, бізді әуреге салады. Өткен жылы бір реттік төлем беріп, үйімізді жөндеген едік, бәрі далаға кетті. Қазір мүгедектігі бар екі баламызды әжесінің үйіне жіберіп, өзіміз осылай сумен әлек боп отырмыз.
Қала әкімі болса, шаhар батпақ жерде орналасқандықтан жер асты суы әуелден өзекті мәселе екенін айтады. Биыл оған күрт еріген қар суы қосылған.
Молдағали Кеженев, Макинск қаласының әкімі:
Арық тазаламаған деген жоқ 12км. Мен айттым ғой. Біз биыл 110 мың текше қар шығардық. Былтырғыдан екі есе артық. Ауа райы біздің, Макинкада батпақ, ағаш көп. Тіпті біз ағаштан келетін суды айналып өтетін арна істедік. Жартысын үлкен арыққа жібердік.
Екі күн бойы әкімдік өкілдері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, он шақты үйді құрғатып әлек болған. Қазір ауыл сыртындағы бөгеттерді нығайтуға кірісті.
Бибінұр Әмірханқызы