Әбдіқайым Ысқақ – тыл және еңбек ардагері, ғұмырын ұстаздық жолға арнаған білім саласының білікті маманы. Ол өз еңбегімен елдің өркендеуіне, өскелең ұрпақтың тәлім мен тәрбие алуына үлкен үлес қосты. Ыбырай, Ахмет сынды ұлт ұстаздарының ізімен ол – тұтас ғұмырын оқыту саласына арнаған жан. Сондай-ақ қайраткерлік жұмысты да азаматтық парызым деп білген ұлтының ұлы. Иә, бүгінде торқалы тоқсан жастың биігіне шығып отырған абыздың ғибратты ғұмыр жолы – адалдық пен еңбекқорлықтың, шынайы ұстаздық болмыстың жарқын үлгісі.
Кейіпкеріміздің өзі де ұстаздар әулетінен шыққан. Әкесі Сұлтан Ысқақ Оңтүстік Қазақстан өлкесінің халық ағарту саласының белді қайраткері, бірнеше жерде мектеп салдырған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, 45 жыл ұстаздық еткен көзі ашық жан екен. Бұқар жыраудың сөзімен айтсақ, ұлы Әбдіқайым да «негізіне тартпай қойған жоқ».
Коммунистік партияның кезеңінде мектепте арнайы «өлкетану бұрышын» ашты. Ол жерге Әбдіқайым ұстаз ұлттық өнегені насихаттайтын батырдың дулығасы, сауыты, қылыштары, ер-тұрман әбзелдері, сәукеле, қазақ әйелінің әшекейлері секілді жәдігерді қойды. Ал Ұлыстың ұлы күнін көктем мерекесі ретінде атап, оқушыларға ұлттық мейрамымызды таныстырды. Осылайша қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, халықтық мерекенің тамырын үзбей, ауылдан ел ертеңіне жауапты азаматтардың шығуына ықпал ете білді.
Иә, ғасырға жуық ғұмырын ғибратпен сүріп, ғылым-біліммен толтырған Әбдіқайым Ысқақтың еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен маңызға ие. Ұстаз өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі арқылы шәкірттерінің жүрегіне ұлттық рухты ұялата білді. Сондықтан абыз ақсақалдың есімі еліміздің білім тарихында алтын әріптермен жазылатыны даусыз.