0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Ақтөбе облысында қарғын су бірнеше елдімекеннің жолын шайып кетті. Ал Ойыл ауылына көлік қатынасы тоқтағалы төртінші күн. Өткелді қалпына келтіруге Қонаев горнизонынан әскери инженерлер келе жатыр. Аймақтағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.
Бұл Мұғалжар ауданындағы жағдай. Қыр суының көп келуіне байланысты Ембі қаласының жанындағы көпірді су шайып кетті. Қазір тұрғындар айналма жолды пайдалануға мәжбүр. Сондай-ақ Темір ауданының Ақсай мен Бірлік елдімекендерінің арасындағы жол бұзылды.
Жандәурен Қойшыбаев, Темір ауданы әкімінің орынбасары:
Қардың көбеюі салдарынан шаю орын алды. Жергілікті атқарушы органның көмегімен, атап айтқанда төрт адам және екі бірлік техника жұмылдырылып, тиісті шаралар атқарылды. Нәтижесінде су құбыры қалпына келтіріліп, жол ашылды.
Ойыл ауданы бойынша бес елдімекеннің жолын су шайған. Жауаптылардың айтуынша, Ақшатау ауылынан басқа жерлердің барлығына айналма жол бар. Тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Су деңгейі түскеннен кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады.
Нұржау Тұрғамбеков, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:
Жол қатынасы үзілген болатын. Ауылдардың ахуалы тұрақты. Азық-түлік, дәрі-дәрмек – барлығы қамтамасыз етілген.
Ойыл ауылына баратын жалғыз көпір былтырғы су тасқыны кезінде бұзылған еді. Ал одан кейін салынған уақытша өткелді бес күн бұрын су шайып кетті. Енді бұл жерге келетін әскери инженерлер тұрғындарды, көліктерді және жануарларды тасымалдау үшін өткел жасайды.
Дастан Каримов, 58012 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
Инженерлік әскерлерінің техникалары Батыс өңірі – Ақтөбе облысына темір жолмен жіберілді. Платформада инженерлік техникалар «Краз 255» — 2 дана, суда жүру транспортирі — 1 дана, БНКУ сүйреткі катері — 2 дана. Сонымен қатар десанттық және көпірлерді құру мақсатында 11 әскери қызметші жіберілді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Өткен түнде Ақтөбенің «Сүт зауыты» деп аталатын ауданындағы өзенге жақын үйлерге қауіп төнген еді. Сондықтан мамандар түні бойы жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді. Ал бүгін қауіп сейілді. Өңірдегі ең үлкен «Ақтөбе» және «Қарғалы» су қоймаларының деңгейі бақылауда.
Жақсыбек Кемал