Назарбаев Университетінің 11-ші түлектер легі диплом алды, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Орталық Азияның жетекші зерттеу университетінде ресми түрде диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл жас та талантты 1700 ге тарта түлек кәсіби өмірге жол бастады.
Биыл NU-дан 1098 бакалавр, 508 магистр, 62 PhD және 27 MD түлеп ұшты. Солардың бірі Мирас Есмұратұлы. Тас дәуіріндегі Көкентау алабын зерттеген археолог жақында АҚШ-тағы New York университетіне тегін оқуға түсті. Оны тәмамдағанан кейін елге оралып зерттеуін жалғастырмақ.
Мирас Есмұратұлы, NU түлегі:
- Өзіммен әрине озық білім. Өйткені біздің профессорлар әлемінің түкпір-түкпірінен келген мықты мамандар. Солардың тәлімін алып отырмын, солармен жақын жұмыс істедім. Соның арқасында білім жинадым және сол білімді ары қарай қолданамын деп ойлаймын.
Диплом алу салтанатына түлектер профессорлары, отбасы және достарымен бірге жиналып, оқудың аяқталуы мен кәсіби өмірдің басталуын атап өтті. Сондай-ақ оларды құттықтауға депутаттар, дипломаттар және министрлік өкілдіктері келді.
Вакар Ахмад, NU президенті:
- Биыл NU өзінің 15 жылдығын атап өтуде. Орталық Азияның жетекші зерттеу университеті ретінде біз одан әрі өсіп, ықпалымызды күшейтіп, халықаралық рейтингтерде көтерілуді және академиялық беделімізді нығайтуды көздеп отырмыз. Біздің түлектер бүгіннің өзінде бүкіл әлем бойынша университеттің дамуына үлес қосуда.
15 жыл ішінде жоғары оқу орны Қазақстанда және шетелде сұранысқа ие 12 мың маман шығарды. NU түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 98%. Бұл әр түлек елдегі және әлемдегі ең ықпалды компанияларда жұмыс істеп жатыр деген сөз. Түлектердің 92%-і Қазақстанда жұмыс істейді.
Авторы: Әлішер Әли