Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот процесі басталды

Қосшы

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты іс бойынша сот отырысы басталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Сәкен Мамаш — Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болған. 2023 жылдың мамыр айында "НеМолчи.kz" қоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Сәкен Мамаштың әйелін үнемі ұрып-соғатыны туралы ақпарат жариялаған болатын. Осы жағдайдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға жедел үн қатып, дипломаттың елге шұғыл кері шақырылатынын мәлімдеді.

Кейіннен елшілік қызметкерінің зорлық-зомбылыққа ұшыраған жары да БАӘ-ден елге қайтарылғаны белгілі болды. Алайда оны әуежайдан күйеуінің туыстары қарсы алған.

Астана қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады.

2024 жылғы 28 маусымда Астананың Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сәкен Мамашқа қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша істі қарап, оны кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Ал биылғы сәуір айында экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс аясында оның қамауға алынғаны белгілі болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget