Ақмола облысының Мәдениет ауылында спорт кешені жұмыс істемей тұр

Қосшы

Ақмола облысы Мәдениет ауылының тұрғындары жаңадан салынған спорт кешенінің игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік бағдарламамен салынған кешен құрылысына бюджеттен 469 млн теңге бөлінді. Бірақ құрылыс аяқталса да, қолданысқа берілмеді. Оған не себеп?

Мәдениет ауылындағы мына спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған. Нысан былтыр күзде пайдалануға беріліпті. Бірақ жергілікті тұрғындардың сөзінше, әлі күнге дейін жұмыс істемейтін көрінеді.

Құрылыс 2021 жылы басталды. Сол кезде жергілікті халықтың қуанғаны рас. Бірақ әлі күнге дейін игілігін көре алмай отыр.

Күләнда Хасенова, ауыл тұрғыны:

- Балалар үшін, немелер үшін елден кетпей отырмыз. Ел дамыса екен деп қуанып қалып едік. Сол көпке ұзамай, су сепкендей басылып қалды.

Аманжол Кенжебаев, ауыл тұрғыны:

- Салынуы салынды. Бірақ аты бар да, заты жоқ болып тұр ғой. Ауылдың жастарына қазір ішіне кіріп ойнап, жиналып, бірдеңе өткізуге рұқсат жоқ.

Жаңа нысанда тек жастар емес, ауылдың үлкендері де спортпен шұғылданғысы келеді. Екі қабатты ғимаратта бірнеше спорт үйірмесі ашылуы тиіс еді.

Әнәш Сиқымова, ауыл тұрғыны:

- Өзіміз кәрі кісілерміз, ешқайда баратын жеріміз жоқ. Денсаулығымызды түзеу үшін келгіміз келеді. Ішінде жаттығу жасап, денсаулығымызды түзегіміз келеді. Ол жабық тұр.

Жауаптылардың сөзінше, нысан құрылысы мерзімінде аяқталғанымен, жұмыс орындарын ашу, маман қабылдау жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Штат жасақтау мәселесі шешімін табуы тиіс. Жалпы мұнда 9 адам жұмыс істейді. Оның ішінде жаттықтырушылар мен басқа да қызметкерлер бар. Әзірге бірде-бір маман жұмысқа қабылданбаған. Бір қызығы жаңа нысан спорт бөлімінің емес, білім бөлімінің қарауына берілген.

Мерей Рамазан, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:

- Екі әлеуметтік нысан қатар тұрады. Отоплениясы бірге. Білім бөлімінің жалпы штаты бар. Екі бапкері бар. Осы ғимараттың жұмысын үзбеу үшін сондай шешім қабылданды.

Жергілікті билік өкілдері барлық мәселе алдағы екі айда шешілетіндігіне сендірді. Бірақ жергілікті тұрғындар шенеуніктің сөзіне сенер-сенбесін білмейді. Бірақ күткеннен басқа амал жоқ.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко