Бұл мақсатқа « Kazakhmys Energy» компаниясы 55 миллиард теңге инвестиция бөлді, деп хабарлайды 24kz.
Жоба Жезқазған жылу электр орталығында жүзеге асырылады. Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды нысанның құрылысы басталып, іргетасына капсула салынды. Станцияны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Газбен жұмыс істейтін станция энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Яғни, ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемі азаяды. Ол үшін мұнда әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың заманауи үлгідегі газ турбиналық агрегаттары орнатылады.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Жүйеге де керек нәрсе, одан кейін мына өңірге де керек. Өндірістердің бәрі тұрақты жұмыс істеуі керек. Қосымша үлкен тиімділігі бар. Сондықтан біз, жалпы энергетика министрлігі қолдауға дайынбыз. Іске сәт!
Бу-газ қондырғысы тек электр энергиясын өндіреді. «Қуаты 75 мвт станция жылу электр орталығына түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдетеді», - дейді мамандар.
Тимур Қапизов, «Kazakhmys Energy» ЖШС техникалық директоры:
- 2 жылдың ішінде біз мына станцияны қосуымыз керек. 2027 жылы наурыз айында қосамыз. Қуаты болады 75 мвт, 80 кісі істейді оперативный персонал, жұмыс істегенде тағы 300 кісі болады. Ол бу станция біздің Ұлытау облысында бірінші рет қойылып жатыр.
«Kazakhmys Energy» компаниясы өңірдегі энергия ресурстарын жетілдіру бағытында тағы бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруда. Мәселен былтыр Жезқазған жылу электр орталығында бір қазандық қайта жаңғыртылды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде келер жылдың соңына дейін тағы 1 турбина мен қазандық жаңарады. Нәтижесінде мұндағы электр қуатын өндіру көлемі 260 МВт-қа дейін артады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов