Интернет алаяқтық азаяр емес

Қосшы

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Бір айдың өзінде банк қызметкерлерінің үстінен қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша алаяқтық дерегімен 32 іс қозғалған. Киберқылмыспен күрес мамандары тамырын тереңге жайған қылмыстық топтарды анықтап, әшкере етті. Соған қарамастан алаяқтарға тұсау болмай тұр. Былтыр интернет алаяқтардың кесірінен 45 млрд теңге шығын келген. Оның тек 2 жарым млрды ғана қайтарылса, қалған 43 млрды алаяқтардың қолында кетіпті. Құқықтық статистика комитетінің хабарлауынша биыл жыл басталғалы 4385 интернет алаяқтық тіркелген.

Елорда тұрғыны Анарбек Мархабай бір жылдан бері бармаған жері, қақпаған есігі қалмағанын айтады. Алаяқтар оның атына 5 банктен 7 кредит рәсімдеп жіберген. Әп-сәтте қалай 16 млн теңге қарыз болып қалғанын өзі де түсінбейді.

Анарбек Мархабай, қала тұрғыны:

Осыдан 2 ай бұрын, осы жағдайға душар болардың алдында екі банкке бардым шығып тұрған кредитті жоқ деді. Дәл осы алаяқтарға түскен кезде осы банктер маған екі, екі кредиттен рәсімдеп отыр. Бұл жерде банктің иелері емес, ішіндегі қызметкерлерінің осы алаяқтармен сыбайлас екені айтпасада түсінікті.

Құзырлы органдар биыл бір айдың өзінде банк қызметкерлерінің үстінен 32 қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Ал, алаяқтар сенімді деген онлайн маркетплейстерге де кіріп, тұтынушыларды алдауға көшкен.

Рустам Смайылов, фотограф:

Мен каспи дүкені арқылы фотоаппарат камерасына тапсырыс бердім. Шамамен 213 мың теңге шықты. Түбіртектегі соманы төлеп, чекті оларға жібердім. Маған тауарыңыз келеді күтіңіз деді. Келесі күні қайта хабарласып, банктіктегі ақауларға байланысты төлемнің орындалмағанын, тағы бір рет ақша аударуым керек екенін айтты. Чек әртүрлі кәсіпкерден, әртүрлі мекен-жайдан келіп тұр. Мен бірден алаяқтар екенін түсініп, тиісті органдарға арыз жаздым. Олар өз қызметтерін қалай банк арқылы іске асырып отырғаны түсініксіз.

Алаяқтар бұған дейін тек қоңырау шалумен шектеліп келсе, енді жасанды интелектінің көмегімен бейне қоңырау арқылы хабарласатын болған. Жағдайды жақсарту мақсатында ІІМ биылдан бастап киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментін құрды.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

Осы наурыз айының басында Алматыда басқа мемлекеттің азаматтарын алдап келген колл орталық құрықталды. Жыл басынан бері 57 симбокс құралдары табылды. 38 мыңнан астам сим карталар тәркіленді.

Осыған байланысты депутаттар "бір адамға- бір симкарта" ережесін ұсынып отыр. Одан бөлек, жасанды интеллект туралы заң жобасы аясында банктерге онлайн несие рәсімделген адамға 24 сағаттың ішінде хабарласып, қарыз алушының жеке басын нақтылау міндетті қаралып жатыр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Банк жүйесінде олқылықтар бар технология дамып кеткен, олар жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жұмыс жасайды. Ал біздің оларға қарсы тұратын арнайы органдарда бұл мәселе әлсіз. Сондықтан оларды жарақтандыру керек, жабдықтау керек.

Серік Жұмабек, тілші:

Құқық қорғау органдары 2023 жылы 18 млн, ал былтыр 65 млн телефон қоңырауын бұғаттаған. Цифрға қарап алаяқтықтың асқынып тұрғанын аңғару қиын емес. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше 647570 адам егов порталы арқылы кредиттен бас тарту туралы өтініш берген. Бірақ, олар бұл тым аз, қарапайым ғана ескертулерді, яғни келген СМС кодтарды бейтенас адамға бермеуге, жеке мәліметтерді айтпауға, түсініксіз сілтемелерді ашпауға кеңес берді.

Серік Жұмабек