АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында жүлде қоры 9 693 540 долларды құраған аса ірі халықаралық турнир аяқталды .
Аталған жарыста Мирра Андреева алдына жан салмады. 17 жастағы Ресейдің аса дарынды теннисшісі финалда әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкоға 2:6, 6:3, 6:4 есебімен сан соқтырды. Сөйтіп, ол айналдырған бір ай аралығында қатарынан екінші турнирде топ жарды. Сол жарыстардың екеуінде де Андреева біздің Елена Рыбакинаны еңсергенін айта кетуге тиіспіз.
Естеріңізге сала кетейік, Индиан-Уэллстегі додада Қазақстанның төрт теннисшісі өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесулерінде Александр Бублик жапониялық Юсуке Ватунакиге, Александр Шевченко аустралиялық Ринки Хиджикатаға есе жіберді. Юлия Путинцева (WTA № 20) чехиялық Катерина Синяковаға жол берсе, Елена Рыбакина 1/8 финалда Мирра Андреевадан ұтылды.