Қазір Қазақстанның бизнес кеңістігінде ерекше бір «майдан» жүріп жатыр. Басты кейіпкерлердің қатарында ЕRG-дің басшысы – Шухрат Ибрагимовтің, ЕRG-дің иелігіндегі Қазақстанның табиғи ресурстарынан түскен қыруар қаражатқа отыз жыл бойы армансыз шалқып-тасып, шекараның шетінде шікірейіп-шіреніп өмір сүріп келген ескі биліктің егде тартқан дөкейлері – Александр Машкевич пен Патох Шодиевтердің аттары аталады.
Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫ – МАШКЕВИЧТЕРДІҢ МЕНШІГІ МЕ?
Соңғы апталарда орыс тілді ақпарат көздері: «Еуразиялық үштік іштен ыдырай бастады ма?» (В «Евразийской тройке» раскол?) деп сұрау салып, Машкевич, Шодиев пен Ибрагимов арасы алшақтай бастағанын сөз етеді. Бұған себеп – Еуразиялық банк акционерлері – Машкевич пен Шодиев өздеріндегі активтерден едел-жедел құтылу үшін, өзгелерге сатып кетпек болады. Ал ЕRG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов бұған үзілді-кесілді қарсы болып, бизнес империяны сақтап қалуға, сақтап қоймай, Қазақстанға инвестиция салып, өндірісті Қазақстанда жүргізуді талап етеді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сыйыры» дегеніңіз осы болып тұр...
«ЕСКІ ҚАЗАҚСТАН» ОЛИГАРХТАРЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДҮНИЕСІН «РЕСЕЙЛІКТЕРГЕ» САТПАҚ ПА?
Түсініктеме: Бір қарағанда бұл терең қалталы олигархтардың өзара дауы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде – бұл жерде Қазақстанның табиғи ресурстары мен бизнес мүддесі «бәс саудаға» түсіп отыр. Керек десеңіз, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік мәселесі туралы әңгіме жүруде. Сондықтан, қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы бұл мәселеге мұқият қарап, сақтық танытуы керек-ақ!
Осы ретте біз: «Машкевич пен Шодиев кім?», «Олар өз активтерін кімге сатпақшы?», «Ибрагимов неге қарсы?», «Назарбаев дәуірінің дәу олигархтары Қазақстанға қанша қарыз?», «Турловтың бұл дауға қандай қатысы бар?», «Ибрагимов Турловпен соттасты ма?» осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік...
ЕRG-ДЕГІ ЕСКІ ҚАЗАҚСТАН МЕН ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЙҚАСЫ
Әйдік Машкевич пен Шодиев 2013 жылы Алиджан Ибрагимовпен бірге осы топты құрды. Содан бері холдинг Қазақстандағы минералдар мен пайдалы қазбаларды өндіру бойынша стратегиялық маңызды кешендерді игеруші өндірістік компанияға айналды.
ERG құрамына: «Трансұлттық компания «Қазхром», «Алюминий Қазақстан» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ), «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір» АҚ және өнеркәсіптің әртүрлі салаларындағы басқа да кәсіпорындар кірді.
Бұл өндіріс ошақтарын ұзақ жылдар бойы Н.Назарбаевтың бұлжымас бизнес‑әріптесі, Фрунзе (Бішкек) қаласының тумасы, Қазақстан олигархы, Израиль мемлекетінің азаматы А.Машкеевич басқарып келді. Ал, 2013 жылы достары П.Шодиевпен және А.Ибрагимовпен аталған холдингке бірікті. Уақыт өтіп жатты, жас та ұлғайды. Енді холдингтің директорлар кеңесі толық жаңартылды. Алиджан Ибрагимов қайтыс болып, оның орнын ұлы Шухрат Ибрагимов басқан. Ал Машкевич пен Шодиев өз орындарына өз мұрагерлерін отырғызды. Шухрат Ибрагимов қазір – ЕRG директорлар кеңесінің төрағасы.
Шухрат Ибрагимовтың сұхбаты. Егемен Қазақстан скрині.
ШУХРАТ ИБРАГИМОВ ЕСКІ ОЛИГАРХТАРҒА НЕГЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?
Шухрат Ибрагимов ЕRG басшылығына келе салысымен, холдинг саясатын өзгертуге шешім қабылдады. «Егемен Қазақстан» гәзетіне көлемді сұхбат беріп: «Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын», - деді. «Холдингтің тапқан табысы Қазақстан экономикасына жұмыс жасалуы тиіс» деген шешімге келеді. Осы мақсатта: Қазақстандағы өндірісті модернизациялау, инвестиция салу және холдинг басшылығының алып отырған дивиденттерін қысқарту туралы шешімдер қабылдады.
Әлбетте, Қазақстаннан дивидентті жыл сайын күректеп алуды әдетке айналдырған, өздеріне қарасты компаниялар мен өндірісті модернизациялауды, Қазақстанда өндірісті дамытуды тек сөз жүзінде айтып, іс жүзінде жылдық табысты, яғни, дивидентті офшорлық және басқа шетелдік есешоттарына аударумен – өз табыстарын еселеп отырған олигархтарға бұқ жақпады. Содан бұлқан-талқан болды. Бұл Шодиев пен Машкевичтердің өз активтерін сатып кету туралы шешімінің бір себебі болса, екіншісі – тіпті күрделілек.
Сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың желкесінен қыса ұстап, бірге кетіп бала жатқан сәті. arbatmedia.kz.
МАШКЕВИЧ ПЕН ШОДИЕВТЕР «НАЗАРБАЕВ КЕЗЕҢІНЕ» ҚАЙТА АЛМАЙ ЖҮР МЕ?
Қазақстанды отыз жылдан астам уақыт басқарған Назарбаев биліктен кеткен соң, елде жаңа саяси реформалар жасала бастады. Тұңғыш президент кезінде қазақтың қазба байлықтарына күмәнді жолмен қол жеткізіп, қоң жинаған Машкевич пен Шодиевтің де бұрынғыдай дәурені жүріп тұрмағаны бесенеден белгілі. Жастары 70-тен асқан екеу бұрынғыдай Ақорданың маңайына емін-еркін жолай алмайтын болған. Бұрындары қазақстандық БАҚ-та бұл екі олигархтың Қазақстанның білдей облыс әкімдерін желкелеп жүргені жайлы көп жазылды. Енді сол дәурен көзден бұлбұл ұшып барады...
А.Машкеевич Қазақстанда зор табысқа жеткен соң, үн‑түнсіз Израиль мемлекетінің азаматтығын алып алды. Ал, Шодиев Патох Еуропадағы ең бір «тыныш ел» Бельгия азаматтығына қол жеткізді. Сәйкесінше, бұрынғы ықпал, бұрынғы бедел, бұрынғы қаһар жоғалып барады. Сондықтан да, бұл екеуі енді активтерін едел-жедел сатуға асыққан секілді...
Ал ЕRG-дің тізгінін ұстаған Шухрат Ибрагимов жаңа реализмге еркін бейімделіп, Президенттің өндірістің барлық сатысын өз елімізде жүзеге асыру туралы тапсырмасына икемделіп жұмыс істеуге құлық танытуда.
БАҚ-ТАҒЫ БАЙБАЛАМ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Енді әңгіменің әуелгі басына оралайық... «Bloomberg» жазды деген ақпаратты орыс тілді бірнеше ақпарат құралдары жарыса жазып: «Евразия үштігі өзара қырқысуда. Евразия басшылығы бір-бірімен соттасуда» деп, алақайлап сүйіншілеуде. Шынымен солай ма? БАҚ материалдарына егжей-тегжейлі шолу жасайық...
Bes.media. Мақала скрині.
«ERG өзара қырқысып жатыр» деген ақпаратты орыс тілді сегментте: «Bes.media», «Finratings.kz», «Kz.kursiv.media», «Inbusiness.kz» т.б. интернет порталдар жазды. Аталған басылымдардың барлығы дерлік «Bloomberg-ке» сілтеме жасайды. Мысалы: «Bes.media»: «Freedom» «Eurasian Financial Co.-ны» сатып алғысы келеді. Бұл ERG мұрагерлерінің өзара дауласуына себеп болды», - деп жазады.
«Eurasian Resources Group-қа иелік ететін отбасылар қаржылық активтерді сату туралы келісімге келе алмай жатыр. ERG бас директоры Шухрат Ибрагимов келісімге тосқауыл қою үшін сотқа шағым түсірді. Жақында Тимур Турловтың қазақстандық компаниясы – «Freedom Holding» корпорациясы бұл активтерді 1 миллиардқа сатып алуды ұсынған деген болжам бар. Бірақ ERG негізін қалаушы марқұм Әліджан Ибрагимовтің ұлы Шухрат Ибрагимов бұған қарсы. Ол мәмілені тоқтату туралы Алматы сотына арызданған», - деп жазады.
Әрі қарай басылым: «Ол сондай-ақ мәміле мақұлданбауы үшін акционерлер жиналысын өткізуге тыйым салуды талап етеді. Ақпан айында соттың кесірінен акционерлердің жиналысы өтпеді, бірақ компания жаңа жиналысты 26 наурызға белгіледі. Дереккөздердің айтуынша, олар әлі де тату келісімге келе алады, бірақ жағдай әлі де шиеленісіп жатыр», - деп жазады.
Жалпы жоғарыда аталған ақпарат құралдарының барлығының материалының мазмұны осы ауанда.
Bloomberg. Мақала скрині.
«BLOOMBERG-ТЕГІ» МАҚАЛА ҺӘМ СОТТАСУДЫҢ ШЫН СЕБЕБІ НЕ?
Мұндай даулы мәселені шынымен де «Bloomberg» жазды. 14 наурыз 2025 жылы «Bloomberg» басылымында Нариман Гизидинов (Nariman Gizitdinov) авторлығымен: «Орталық Азиялық тау-кен империясының мұрагерлері активтерді сату бойынша жанжалдасып қалды» деген атпен мақала жарияланған.
Ал «Ручная Экономика» телеграм арнасы: «Еуразиялық үштік ыдырай ма?» деген атпен мақала жариялапты. Онда: «Еуразия холдингін сату туралы әңгімелер өткен жылдың күзінде басталды. Ол кезде болжаммен «Форте» банкирлері «Еуразиялық банкке» көз салған. Содан кейін еуразиялықтар Тимур Турловтың командасымен және оның банкімен келіссөздер жүргізді. Еуразиялық банктің корреспонденттік шоты қажет болған. Турлов 1 млрд доллар ұсынған. Шухрат Ибрагимов банкті сатуды жоспарлап отырған жоқ, ал Машкевич пен Шодиев оны әрі қарай иеленуге ешқандай уәж көріп отырған жоқ. Бәлкім, бұл ретте акционерлердің 2016 жылдан бері дивиденд алмауы да себеп болса керек, өйткені алдымен банк мемлекетке берген 150 миллиард теңгені қайтаруы керек», - деп жазады.
Nege.kz парақшасы. Instagram скрині.
МАШКЕВИЧ-ШОДИЕВ ҚҰЙТЫРҚЫЛЫҒЫ ҺӘМ МЕМЛЕКЕТ АЛДЫНДАҒЫ 150 МЛРД ҚАРЫЗ
РЕПЛИКА: Соттың болғаны рас. Арыз беруші – Шухрат Ибрагимов. Біздегі бар инсайдерлік деректерге сүйенсек: Шухрат Ибрагимов – Машкевич-Шодиев тандемімен сату туралы соттаспаған. Еуразия тобындағы Машкевич пен Шодиевтің акциялық үлестері 33 пайыздан. Соғыс қарамастан Машкевич пен Шодиев Директорлар кеңесіне тағы бір өкілдерін қосуға тырысады. Бұл жағдайда Машкевич-Шодиев тандемі артық дауысқа ие болып, банк пен сақтандыру компаниясын сату туралы шешімді оңай қабылдауға мүмкіндік алушы еді. Ал потенциалды сатып алушы – Тимур Турлов және «Freedom».
Шухрат Ибрагимов сол үшін де сотқа арыз беріп, үшеуінде тең акция екенін, директорлар кеңесіне тағы бір адам қосу – бір дауысқа артықшылық мүмкіндігін тудыратынын айтып, ақыры жеңіп шыққан.
Ал «Еуразиялық банк» АҚ мемлекетке 150 миллиард теңге қарыз. Бұл туралы Шухрат Ибрагимовтың өзі де «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында: «Иә, біз компанияның алдыңғы онжылдықтағы даму бағдарламасын алмастыратын жаңа құндылық, жаңа стратегиямен жұмыс істейміз. Бұл стратегияны «индустриалды модернизмнің» бір сипаты десем болады, яғни байырғы өндіріс орындарын қайта жарақтандыру және біздің компанияда бар бәсекелі артықшылықты күшейтетін жаңа жобаларды құру. Бұл өз кезегінде компанияны қордаланған қарыз жүктемесінен құтқару міндетімен де байланысты. Сол себепті, стратегия тезірек қарызды жабу, кәсіпорындар дамуына инвестиция құю мақсатында ресурстарды босатуға ыңғайланады. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «экономиканың өнеркәсіптік негізін» қалыптастырамыз.
Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін. Біздің кәсіпорындардың көбі және басым қуаттылық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан бөгде нысандар үлесін төмендете отырып отандық өндірісті дамыту және жаңғырту – бірегей таңдауымыз», — дейді.
«Еуразиялық банк» 2017 жылы мемлекет тарапынан банктерге қолдау ретінде құрылған «Қаржылық тұрақтылықты арттыру» бағдарламасына қатысып, 150 миллиард теңгеге субординацияланған облигация шығарған. Бағдарлама бойынша банк осы ақшаны 15 жылдан кейін, яғни 2032 жылы қайтаруы тиіс. Қазірге дейін 42 миллиард теңге сыйақы мемлекетке аударылған. Ал қарыздың негізгі сомасы – 150 миллиард теңге әлі күнге дейін қарыз күйінде қалып отыр.
Дәл қазір «Еуразиялық банкте» бұдан құтылатын мүмкіндік бар. Ал акционерлерде ниет бар ма? Шухрат Ибрагимов бұл қарыздан құтылу ниетін ашық мәлімдеді. Ибрагимов алдымен осы қарыздан құтылудың маңызды екенін айтып, акционерлердің жылдық дивиденттерін де қысқартқан. Ал жоғарыдағы БАҚ-тың: «Акционерлер 2016 жылдан бері дивидент алмады» деуі қисық ақпарат. Ашық деректердегі мәліметтерге көз жүгіртсек: ERG 2022 жыл үшін акционерлерге 500 млн доллар дивиденд төлегені айтылады.
Шухрат Ибрагимовтың өзі: «2023 жылы мемлекетке 200 млн доллар дивиденд төледік, бұл – 40 пайыздық үлес. Акционерлерге дивиденд төлемеу туралы шешімге келсек, ол компанияның жаңа стратегиясынан туындап отыр. Дивиденд төлеудің орнына өндірісті жаңғыртып, өзіндік құн мен жұмыс үдерісін күшейтуді қолай көріп отырмыз. Бұл – оқыстан туған шешім емес, алдыңғы тәжірибелер негізінде қалыптасқан тұжырым. Өйткені шұғыл жағдайда ақша іздейтін ахуал басымыздан бір емес, үш рет өтті. Ондайда біреудің ақшасын пайдалана тұру тым қымбатқа түседі. Сол себепті, әрқашан артыңда қор тұрғаны абзал», - дейді.
Сурет: stan.kz сайтынан алынды.
ТИМУР ТУРЛОВ КІМ?
Жоғарыдағы «Еуразия» үштігінің дауында Тимур Турловтың аты көп аталды. Ол Машкевич пен Шодиевтің потенциалды сатып алушысы деп сипатталды. Осыған дейін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Қазақстанның, Қазақтың қазба-байлығынынң есебінен армансыз байыған, бүгінде жастары жетпістен асқан екеудің – Машкевич пен Шодиевтің Шухрат Ибрагимов басшылығына наразы екені, жыл сайын үзілмей құйылатын «майшелпек дивиденттен» ажырағаны, енді ол екеудің «қазақстандық экономикаға» «бас ауыртпайтыны» айтылып, жазылып келді.
«Машкевич-Шодиев тандемі өздерінің бұрынғы ресейлік ескі таныстары арқылы Қазақстандағы активтерін Ресейге сатуды да жоспарлай бастаған сыңайлы. Әрине, бұл Қазақстанды өздерінің экономикалық және басқадай ықпалындағы ел санайтын Ресей олигархтары үшін таптырмас олжа – олар да осыған өте ынталы...», — деген алып-қашпа әңгіме тараған.
Көп ұзамай Машкевич пен Шодиевтің потенциалды сатып алушысы – Тимур Турлов екені белгілі болып отыр.
ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫ ҺӘМ САНКЦИЯ
Тимур Турлов – Ресейде туған (Мәскеу), Ресейде бизнес тұлға болып қалыптасқан адам. Ресейде білім алып, бизнесін Ресейде құрған.
Ал Қазақстанның көк паспортын 2022 жылы (35 жасында) ғана алған. Сол кезде сарапшылар: Ресейлік миллиардердің бұл шешімін әлемдегі геосаяси жағдаймен байланыстырған. Анығында – Турловтың Қазақстан азаматтығын алуына Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс себеп болғаны айтылған.
Ресейдің әскери-саяси билігінің Украинаға соғыс ашуы – Ресейді, Ресейдің көптеген бизнес өкілдерін санкциялар құрсауында түсірді. Турловтың Ресей азаматтығынан бас тартуына да осы факторлар әсер етуі мүмкін екені жасырын емес.
Турлов Қазақстанға қалыптасқан кәсіпкер болып, капитал жинап келді. Бұл да факт. Оның жасы қазір 37-де. 2022 жылға дейін Ресей азаматы болды. Яғни, 22 жыл президент Путиннің басқаруындағы елде өмір сүріп, бизнеспен шұғылданды.
Осы ретте саясаттың ең қарапайым түсінігін тілге тиек етпекпіз: Ол – Ресей секілді абсолютті диктаторлық һәм милитаристік басқару жүйесінде жүріп, еркін, тәуелсіз бизнес қалыптастыру мүмкін емес нәрсе. Қайткен күнде де биліктің тілін тауып, ықпалдасып, ымыраласып қана әрекет етуге туралы келеді. Осы тұрғыдан, Турлов Путин командасының, Ресейдің күштік құрылымдарының, соның ішінде Федералды қауіпсіздік қызметінің тілін таба білген адам. Ол өзі туып-өскен Ресеймен ат құйрығын біржола кесісті деу де күмән тудыратыны да жасырын емес. Бұған Турлов мырзаның өзі сенсе де, сергек саналы қазақ қоғамы бәрібір күмәнмен қарайтын болады.
Түйін: Әзірге айтпағымыз осы. Бұл жария «соғыстан» «Ескі Қазақстанның» олигархтары мен «Жаңа Қазақстанның» бизнес өкілдерінің үлкен айқасы басталып кеткенін аңғаруға болады. Қайткен күнде де, Қазақстанның барлық ресурсы Қазақстан мемлекетінің және оның егесі Қазақстан халқының мақсат‑мүддесіне қызмет етуі тиіс! Ол Машкевич пен Шодиевтер өз бетінше қалаған адамына сатып кететін – сұраусыз батпанқұйрық емес! Бұл анық!
Нұргелді Әбдіғаниұлы