Батыс Қазақстан облысында мұзжарғыштар бригадасы Шаған мен Деркөл өзендерінің қосылған тұсындағы мұз қабатын жарды, деп хабарлайды 24KZ. Сондай-ақ Бөрлі, Шыңғырлау және Ақжайық ауданындағы Өлеңті өзенінде де мұз жару жұмыстарын жүргізді.
Тасқала ауданында Шежін-2 өзені 801 см-ге көтеріліп, қауіпті шектен 21 сантиметрге асып кетті. Ал Тасқала ауылы тұсында Деркөл өзені түнде 559 сантиметрге жетсе, күндіз 95 сантиметрге түсті. Мамандар қазір облыстың солтүстік-шығысынан басқа аудандарда тасқын қаупі сейілгенін айтады. Өңірде су тасқынының алдын-алу шаралары жүріп жатыр. Өңірде 935 мың текше метрден астам қар шығарылып, 160 мың текше метр су сорылған.
Жарас Көпжасаров, БҚО ТЖ департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:
- Өткен тәулікте Шежін өзені көтеріліп, осыған байланысты ТЖД департаменті және ТЖМ №2 құтқару батальонының жеке құрамы суды қауіпсіз өткізу үшін Тасқала ауданына көшірілді. Кешегі күннен бері Тасқала ауданындағы Деркөл, Шежін өзендерінің деңгейі түсті. Қазір көшірілген жеке құрам Бәйтерек ауданы Белес ауылында өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Енді қайта көтеріледі деген болжам жоқ.