Елдік ауызашардың тәлімі мол

Жаршы

Бурабайдағы Ұлттық құ­рыл­тай отырысынан ке­йін Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан іс-шара қатысушы­лары­на ауызашар берілді. Сондай-ақ қасиетті жұма күні барлық өңірде ардагерлер мен еңбек адамдарына Президент атынан ауыз­ашар дастарқаны жайылды.

Президент жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұт­қан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғанды­рып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.

– Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіз­дер әрдайым азаматтық жауап­кершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтары­мыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмек­теседі. Иман келтіріп, рухани жағы­нан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуға шақырды.

– Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын! Халыққа негізгі саясатымызды дұрыс түсіндірейік. Жаппай жұртқа үлгі болайық. Ел ішіндегі дарынды, қабілетті азаматтарға, ең алдымен, жастарға жол берейік. Біз бір ел, бір халық болып, елеулі өзгерістерді бірге жасап жатыр­мыз. Қазақстанның саяси жүйе­сін толық жаңғырт­тық. Жаңа экономи­калық бағдары­мызға сай нақ­ты жоспарымызды жүзе­ге асыра­тын болдық. Бүгінде жан-жақ­ты реформалар өз жемі­сін бе­ріп жатыр. Осы жолда Ұлт­тық құрыл­тайдың ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Сіз­дердің бастамаларыңыз көптеген мәселені уақтылы шешуге ық­палын тигізуде. Бұл бағыт­тағы жұмыс жалғаса береді. Мен «Ana tili» газетіне берген сұхба­тым­да елі­міздің алдында тұрған жаңа мін­деттерді атап өттім. Негізгі мақ­сат – баршаға бірдей мүм­кін­­дік беретін Әділетті Қазақ­стан­ды құру. Бұл адал азамат­тар­дың қолы­нан келетін іс. Адал азаматқа тән қа­­сиеттер исламның гуманистік идея­ларымен терең астасады, – деп сабақтады сөзін Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатқанына, ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас екеніне назар аударды.

– Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мыз­ғымас тірегі. Дәстүрлі ислам – қараң­ғылықтан ада, мейірім мен жасам­паз­дықтың діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адам­гершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қа­раны, жақсы мен жаманды ажырата біл­гені абзал. Әсіресе жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағ­дар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдық­қа ұмтылғаны абзал. Сонда біз үйрене­тін әрі үйрететін ұлт боламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ислам тазалықтың діні екенін алға тартып, өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру мәселесіне тоқталды.

– Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақ­стан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлт­тық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­дылай келе, қазіргідей геосаяси ахуал күр­деленген алмағайып кезеңде ынты­мағы­мызды нығайта түсу маңызды екенін еске салды.

«Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді. Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсы­лыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Президент.