Кейінгі жылдары жергілікті атқарушы биліктің ықпалымен баспана кезегінде тұрған қала тұрғындарының мәселесі оңынан шешіле бастады. Пәтер алуды армандаған бір топ отбасының арманы орындалды. Облыс орталығында 160 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, ондаған отбасы қоныс тойын тойлады.
Пәтерлер 2012–2015 жылдары баспана кезегіне тұрған мұқтаж отбасыларға бұйырды. Олардың қатарында көпбалалы аналар, ІІ топ мүгедектері, толық емес отбасылар, жетім балалар, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар бар.
Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуаны-шына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ортақтасып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алған жұмыс әрі қарай жалғасын табатынын айтып, тұрғындарды қуантты.
«Мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету. Халықты тұрғын үймен қамту жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да үздіксіз жүргізіледі. Жаңа пәтерге ие болған барлық отбасыны қуанышымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін», деген облыс басшысы пәтер кілттерін, тұрмыстық техниканың сертификатын табыстады.
Бірер жыл бұрын құрылысы басталған, «Ұлы дала» шағын ауданында орналасқан тұрғын үйдің жалпы ауданы – 9 600 шаршы метр. Көппәтерлі тұрғын үй құрылысын «Aulet Story Taraz» ЖШС жүргізді. Тұрғындармен бірге су жаңа тұрғын үйді аралап көрген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев пәтерлердің сапасына айрықша назар аударды. Кейіннен жаңадан салынған тұрғын үй маңына 20 түп ағаш отырғызылды.
«Әр адам өз шаңырағының болғанын қалайтыны белгілі. «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Бүгін міне, ұзақ жыл бойы сарыла күткен пәтердің кілті қолымызға тиіп, төбеміз көкке жетіп, қуанып отырмыз. Көпбалалы аналарға айрықша қамқорлық көрсетіп жатқан Мемлекет басшысына, өңірдегі атқамінер азаматтарға айтар алғысым шексіз. Мұндай баспана пәтерге мұқтаж әрбір отбасыға бұйырсын деген тілек бар», дейді көпбалалы ана Мөлдір Шадманова көңілін кернеген шаттық сезімін бөлісіп.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген дерекке сенсек, биыл өңірде 765 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, 2 390 пәтерлі 50 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 4,9 млрд теңгеге 361 пәтер сатып алу жоспарланған.
ТАРАЗ