Әлеуметтік салық облыстардың еншісінде қалды: Тоқаев әкімдерді бюджет қаржысын үнемдеп пайдалануға үндеді

Жаршы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында әлеуметтік салық облыс еншісінде қалғаны жөнінде айтып, аймақ әкімдеріне бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, үш жылдың ішінде 2 трлн теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды.

"Қуатты аймақтар – қуатты ел" ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет.

Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін", — деді президент.