Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз сөзінде президент бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келгенін айтты.
«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтай Ұлытау, Түркістан және Атырау облыстарында өткен еді. Төртінші пленарлық отырыс Бурабайда өтіп жатыр.