Батырлар ерлігі неге ескерусіз қалды?

Жаршы

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан аттанған 500 жауынгер Кеңес Одағының батыры атанса, соның ішінде 96-сының ұлты қазақ. Ресми құжат солай дейді. Кеңестік идеологияның кесіп-пішуінен өткен осы шешім күні бүгінге дейін тарих бетінде шегеленіп қалған.

Бірақ, уақыт тарихқа өз түзе­тулерін ендіріп келеді. Жеңіс мерекесінің 80 жылдығы қарса­ңында Кеңес Одағының батыры ата­ғын алған қазақ жауынгерлерінің тізімі 105-ке жетіп отыр. Бұл тізім 103 болатын. Ана бір жылы Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің қатары бірден екі адамға толықты. 104-батыр кезінде ұлты өзбек болып жазылып кеткен – Іният Наурызбаев. 1999 жылы Қарақалпақстанда дүние салған Іният Наурызбаевтың тек марапаттау қағазында ұлты өзбек болып қате жазылып кеткені болмаса, дүниеге қазақ болып келіп, қазақ болып бақиға аттанды. 105-батыр ормандай орыстың ортасын­­да Ростов облысы, бүгінгі Ақсай қал­асын­да дүниеге келіп, Қырымда қаза тап­қан қандасымыздың аты-жөні – Филипп Рубахо.

Ныспысына қарап, орыс демесең, тұла-бой тұрпатымен өзімізге ұқсас Филипп Рубахоның туу жөніндегі құжа­тында оның ұлты қазақ екені көрсе­тілген. Жеке басы 400-ге жуық неміс солдатын жайратқан мергенге 1944 жылы 22 қаңтарда Кеңес Одағының баты­ры атағы берілген. Қырым түбегін қор­ғау кезінде ерлікпен көз жұмған батыр­ға Севастополь қаласында топырақ бұ­йырған.

Жалпы, Кеңес Одағының батыры атағының шығуы мен оның берілу тари­хының да өз тәртібі, құпиясы бар.

Кеңес Одағының батыры атағы 1934 жылы 16 сәуірде КСРО Атқару коми­те­тінің қаулысымен бекітілген. Бұл атаққа ие болған батырларға Орталық атқару комитетінің ерекше грамотасы қоса тапсырылады. Кеңес Одағы батыры ата­ғы ең алғаш 1934 жылы 20 сәуірде поляр­лық «Челюскин» мұзжарғыш кеме­сін құтқарушылар тобындағы 7 адамға бе­рілді.

1936 жылы 29 шілдеде КСРО Орта­лық атқару комитетінің қаулысымен Кеңес Одағының батыры атағы туралы Ереже бекітілді. Ереже бойынша бұл жоғары атаққа ие болғандарға грамотаға қоса Ленин ордені қоса тапсырылатын болды. Ленин ордені қаулы шыққанға дейін бұл жоғарғы атаққа бұрын ие болған 11 батырға кейінгі күнмен табыс етілді.

1938 жылы 2 қарашада Мәскеуден – Қиыр Шығысқа қос моторлы АНТ-37 «Родина» ұшағымен қонбай ұшу ке­зіндегі көрсеткен ерлігі үшін ұш­қыш­тар В.С.Гризодубоваға, капитан П.Д.Оси­пен­коға, аға лейтенант М.М.Рас­коваға Кеңес Одағының батыры Алтын медалі мен Ленин ордені қоса тапсырылды. Ал В.С.Гризодубова әйелдер арасындағы тұңғыш батыр атанды.

1939 жылы күзде КСРО бойынша 122 адам Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың екеуі ұшқыштар В.Чкалов пен С.Леваневский бұл кезде қаза болған еді. Ал олардың 19-ына бұл атақ қаза тапқаннан кейін берілді.

1939 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Кеңестер одағының батыры ерекше атағы туралы қосымша белгілер жөнінде» Жарлығы жарық көріп, ол 1936 жылы «Батыр атағы бір-ақ мәрте беріліп, екінші рет батырлық көрсеткендерді Алтын ме­дальмен ғана марапаттап, туған же­рінде қола мүсінін орнату» жөніндегі Ере­жеге өзгерістер енгізілді. Осы ере­жеге сәйкес, 1939 жылы 29 тамызда Моң­ғолияның Халкин-Гол аумағында жапон интервенттерімен болған ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ұшқыштар майор С.И.Грицевец, полковник Г.П.Кравченко алғашқылар қатарында екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

1939 жылы күзде Кеңес Одағының ­батыры атағына ие болғандарға алғаш­қы Алтын медальдар беріле бас­та­ды. Ең алғашқы Алтын медаль ұшқыш А.В.Ляпидевскийге берілді.

Кеңес Одағының батыры атағы КСРО кезіндегі ең жоғары мемлекеттік марапат болатын. Сұрапыл соғыс ке­зінде Украина үшін болған шайқаста 200-ге, Ресей үшін болған шайқаста – 70, Белоруссия үшін болған шайқаста – 50-ден астам жерлесіміз осы атақты ен­шілепті. Қазақстандықтардың ішінде үш адам екі мәрте батыр атағына ие болды. Бұл көрсеткішті одан әрі жал­ғастырсақ, Латвия үшін шайқаста – 8, Мол­дованы азат етуде – 7, Литвада – 6, Эсто­нияда 1 жерлесіміз батыр атанды.

Қазақстандықтар Еуропаны азат етуде де жан аямай шайқасты. Мәсе­лен, Польшада – 47, Венгрияда – 22, Чехо­словакияда – 7, Румынияда – 5, Аустрияда – 3, Югославияда – 2, Герма­нияда – 63 және Жапонияға қарсы со­ғыста 3 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Бір адамға екінші батыр атағы беріл­мей қалды. Мысалы, Днепр өзенінен өткен кездегі қиян-кескі ұрыста көрсет­кен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған Жұмағали Қалдығараев Белоруссияның Мозырь қаласын азат етуде жаудың 6 танкісін қирату кезін­де көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының батыр ата­ғына ұсынылған. Бірақ оған ол атақ бе­рілмеген. Бүгінгі таңда осы қала­да ба­тыр­дың жеке өзіне ескерткіш қойыл­ған.

Екінші дүниежүзілік соғыс қар­саңын­да КСРО бойынша 626 Кеңес Одағы­ның батыры болды. Олардың бе­сеуіне бұл атақ екінші мәрте берілді. Соғыс кезінде – 11739 адамға батыр атағы берілсе, олардың 3 051-іне бұл атақ өлгеннен кейін берілді.

Соңғы рет Кеңес Одағының баты­ры атағы 1991 жылы 24 желтоқсанда су астында 500 метр тереңдікте тәжі­ри­бе жасаған 3-рангалы капитан Л.Солод­ковқа берілді. Ал қазақтардан бұл атақ­ты гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы алды.

Жалпы, КСРО кезінде Кеңес Ода­ғының батыры атағын 12 862 адам алса, оның ішінде, бұл атақ 3266 адамға өлгеннен соң тапсырылған. 154 адам бұл атақпен екінші мәрте марапатталса, 9 адамға ол қаза тапқаннан кейін берілген. Сондай-ақ бұл жоғарғы атақ үш адамға үш мәрте берілген (Буденный, Кожедуб, Покрышкин). Екі адамға батыр атағы төрт мәрте берілген (Жуков, Брежнев).

Батырлар арасында 95 әйел бар, олар­дың арасында ғарышкер-ұшқыш Савицкая бұл атаққа екі рет ие болған. Кеңес Одағы батыры атағына ие болғандардың арасында шетелдіктер де бар. Олардың саны – 44. Шетелдіктер арасында жалғыз әйел бар. Ол – Польша әскерінің жауынгері А.Кживонь.

Батырлардың арасында 100 адам түрлі жағдаймен бұл жоғарғы атақ­тан еріксіз айрылған. Кейін олардың бір­нешеуіне атақтары қайта берілген. 13 адамға Кеңес Одағының батыры атағының берілгендігі қате шешім бол­ғандығы себепті ол күшін жойған. Бүгінгі таңда батыр атағынан айрылғандардың саны – 73 адам. Бірақ олардың арасында қазақстандық батырлар жоқ.

Өмірде түрлі жағдайда осы құрметті атақтарынан айрылып қалғандар да болды. Кеңес Одағының батыры атағы­нан айрылғандарға негізгі айып НКВД қызметкерлерінің ойдан құрастырған «Батырлар қастандығы» жаласы себеп болған. Олардың басым көпшілігі 1941–1942 жылдары сотсыз, тергеусіз атылған. Батырлардың жетеуі генерал дәрежесінде болған. Арасында Батыр атағымен екі рет марапатталған генерал-лейтенант Смушкевич те бар.

Соғыстың алғашқы айында-ақ қос бірдей батыр – армия генералы Павлов және генерал-майор Чёрных атылған. Командалық құрам арасындағы репрессия соғыс біткеннен кейін де Сталин қайтыс болғанға дейін жүргізілген. Жеңістен соң үш Кеңес Одағының ба­тыры – маршал Кулик, генерал-полков­ник Гордов, майор Косса ату жазасына кесілген. Жоғарыда ату жа­засын алған 12 Кеңес Одағының ба­ты­ры кейін олардың іс-қимылында қыл­­­мыс­тық әрекет болмағандықтан ақ­талған.

Алайда, батырлардың арасында қоғамдық өмір салтын бұзып, өзінің іс-қимылына есеп бермегендер де болған. Ондайлардың арасында Кеңес Ода­ғының батыры ұшқыш, подполков­ник Полозды айтуға болады. Отбасын­дағы тұрмыстық кикілжің кезінде екі бірдей адамның өмірін қиғаны үшін ол өлім жазасына кесілген. Әрине, кешірім жасауға да болар еді. Бірақ, өз дегенінен қайтпаған Полоз билік орындары­нан кешірім сұрамаған. Оның үсті­не өлім құшқан адам да осал емес, КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің көмекшісі Фомичев пен оның әйелі болатын.

Біз қызығатын бір ақпарат былай дейді. Кеңес Одағының батыры атағын алғандар арасында кезінде Алматыда тұрған америкалық азамат та бар. АҚШ-тың Огайо штатының Бигрон кенішінде түбі ресейлік кеншінің отбасында дүниеге келген Василий Мардехов 1939 жылдары Алматы қаласында тұрған. Осы қаладан әскерге шақырылған. 1943 жылы майдан даласындағы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы берілген.

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұландары ар мен намысты биік ұстап, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас ер халық екенін әлемге әйгіледі. Қазақ жауынгерлерінің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге айналды.

Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, түрлі идеологиялық ұғымға байланысты сол тұстағы көз­қарасқа сай қазақстандық оншақты жауынгер тиісті атақтармен марапатталмай қалды. Мәселен, кезінде Таш­кент, Алматы қалаларының бас архитекторы болған, профессор Малбағар Меңдіқұлов соғыс жылдары саперлер батальонының командирі болған. Жаудың миналап кеткен жолдарын тазарту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Алайда Жоғарғы қолбасшылық оны Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапаттаған.

Невель қаласын азат етуде фашис­тердің 280 жауынгерінің көзін құрт­қан мерген жамбылдық Ыбырайым Сүлей­менов те Кеңес Одағының баты­ры атағына ұсынылған. Бірақ даңқ­ты жер­лесімізге Ленин ордені ғана бұйырған.

Полковник Әбілқайыр Баймолдин – ірі әскери басшы болатын. 100-дербес атқыштар бригадасы командирі­­нің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, қара­мағындағы жауынгерлерді ұрысқа бастап шығып, ерлікпен қаза тапқан. Әскери басшылық оны да батырлыққа ұсынған.

1942 жылы мергендер полкін бас­қарған шымкенттік Тілеуғали Әбдібеков бір өзі 395 фашисті жер жастандырған. Соғыс кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін батыр атағына ұсынылғанымен, оған бұл жоғарғы атақ берілмеген.

Сондай-ақ Чехославакия жерінде ерлікпен қаза тапқан мерген қыз орын­борлық Сұлушаш Нұрғожина Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылса да, ұсыныс қолдау таппаған. Ерлігі сол кезде еленбей қалған жауынгердің бірі – ақтөбелік Әлеукеш Көбеков. Бело­руссия жерін азат етуде көрсеткен жан­қиярлық ерлігі үшін Батыр ата­ғына ұсынылғанымен, марапат өз иесін тап­паған. Қызылордалық Мұса Рыскелдиев Германияның Франкфурт қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Қызыл ізшілердің тапқан құжаттары бойынша оған Кеңес Одағының батыры берілген болып шығады. Бірақ, іздестіру жұмыстарында оның Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталғаны анықта­ла­ды. Даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің қандыкөйлек майдандас досы, жаудың он бес танкісінің көзін жойған Аманша Меңдіғалиев та Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады, бірақ ол атақ оған бұйыр­ма­ған. Даңқты ұшқыш Байтұрсын Есіркеповті көпшілік біле бермейді. Ол Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің 12 рет Алғыс хатына ие болған. Суворов полкінің №127 гвардиялық бомбалау­шы авиациясының Борисов орденді эскадрилия командирінің орынбасары ретінде жанқиярлық ерлік көрсеткен. 1945 жылы 7 маусымда әскери басшылық оны Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған. Алайда бұл атақ қолдау таппай оның орнына Жауынгерлік Қызыл Ту ордені берілген. Мұндай тізімді одан әрі жалғастыра беруге де болады.

Мәселен, «Даңқ» орденімен төрт рет марапатталған Темірғали Исабаевқа, Бер­линді алғаш бомбылаған Біләл Қалиевке, қазақтың 100-ұлттық брига­дасының зеңбірекшілері Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Рым­бек Бәйсейітовке, артиллерия коман­дирі Балтабек Жетпісбаевқа, саяси жетекші, Рашид Жанғожинге, ұрыс кезінде жаудың 227 жауынгерін жер жастандырған Ысқақ Әлиевке, бір ұрыста жаудың 38 жауынгерінің көзін құртып, қырық тоғызын тұтқынға алған Алқар Оңғаровқа, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, полк комиссары болған Хаби Халиуллинге, гвардия­лық танк полкінің командирі Ғали Әділ­бековке, Берлинді алуға қатысқан, зеңбірекші Әбен Ахметовке, жаудың 12 танкісінің көзін жойған, зеңбірекші Сембай Қалиевке, Белоруссияда партизандар штабын басқарған Нұрғаным Байсейітоваға, пулеметшілер взводы­ның командирі Ернияз Сәтовке, Сталин­град қаласын қорғауда ерлігімен көзге түскен Қожамсейіт Шаяхметұлына, Ленинград, Курск, Тула қалаларын азат ету кезінде жанқиярлық ерлік көрсет­кен Қабыкен Жарылқасынов пен Қотыр­­бай Құдакелдіновтерді әскери басшылық ­Батыр атағына лайықты деп тауып, ұсыныс жасалса да, оларға бұл атақ берілмеді.

Айтпақшы, Шығыс қыздары арасында Кеңес Одағының батыры атағына ие болған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловалардың Кеңес Одағы батырына берілетін Алтын медальдары алынбай қалды. Оларға Алтын Жұлдыз медалінің орнына Жоғарғы Кеңес Президиумының Грамотасы ғана тапсырылды. Грамота тапсыру кезінде Алтын Жұлдыз медалі бейбіт өмір орнаған соң, салтанатты түрде тапсырылады делінді. Осы мәселеге орай, біз Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хат жазып, ықпал жасауын өтінген едік. Бірақ мәселе қозғалыссыз қалды. Арада 80 жыл өтсе де, оны сұраған адам болмады. Ел танып, әлем мойындаған қос батырымыздың уақытында алынбаған медалін Жеңістің 80 жылдығына орай қозғау салуға болар. Оның үстіне биыл – Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы. Осыған орай, Қазақстан үкіметі Ресей билігіне сұрау салуға тиіс сияқты.

Кеңес Одағының батыры атағына ие болғандар арасында Ақмола облысының Восточная ауылында (Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы) дүниеге келген журналист Николай Забелькин де бар. 1944 жылы батыр атағына ие болған жерлесіміз соғыстан кейін Ресейдің «Новости» агенттігінде, кейін Венгрияда АПН-нің бюросын басқарған.

Бүгінде еліміз бойынша Кеңес Одағының Батыры атағын алған ардагер жоқ. Ең соңғы батыр Иван Косенков – 2015 жылы Алматы облысы Үштөбе ауылында дүние салған.

Өз қаһармандарының өмір дерегін білу және оларды құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау – әрбіріміздің қасиетті парызымыз.

Ермек Жұмахметұлы,

журналист