Амал келді – жыл келді! Бүл күн – сан ғасырлар бойы төрт түліктің жайын күйттеп, қиыр жайлап , шет қонған қыр қазағы үшін ерекше қуаныш.
Алты ай қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен қол алысып, құшақ жая қауышады. Сондықтан «Көрісу күні» деп ерекше құрметпен аталады.
Жалпы қазақтың есебінде Наурыз айын жыл басы деп ай бойы атап өтеді. Өйткені ұшы-қиыры жоқ даланың бір шетіне көктем ерте келсе, бір шетіне кеш жетеді. Ал дәл осы шақты «құмалақ батса қар кетеді» жорамалдаған.
Асланбек Шығыр тілші:
- Ассалаумағалайкүм, аға! Жасыңыз құтты болсын! Жаңа жыл жақсылық әкелсін! 14 наурыз – Көрісу күнінде осылай жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басады. Бұл кезеңді бабаларымыз пенденің аузы аққа, төрт-түліктің аузы көкке тиген шақ деп ерекше бағалаған.
Ел тағдыры талқыға түскен қиын шақтарда да ұмытылмай, бүгінге дейін жеткен Амал мерекесін өңір тұрғындары ерекше ықыласпен күтеді. Әр шаңырақ бұл күнді жаңа жылдың бастауы деп санайды. Бір-біріне ақ тілегін арнап, жаңа жылмен құттықтайды.
Арман Жұмағазиев, өлкетанушы:
- Қыстан аман шығу, қыстан аман шығып, әр жерге кеткен ел бір-бірін іздеп, алғашқы Наурыз шыққаннан кейін, күн жылығаннан кейін ел-елді аралап, бір-бірімен көрісіп, амандасқан. Бұл Абай шығармаларында кездеседі, Шәкәрімнің шығармаларында да бар. бұл тек қана Батыс Қазақстанның мерекесі емес, дәстүрі емес, бұл бүкіл Қазақстанға тиесілі деп ойлаймыз.
Ізгілікке толы мерекенің маңызы да зор. Көрісу күнінде барлығы ағайын-туыс, көрші-көлеммен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген өкпе-реніші болса, ұмытады. Шаңыраққа амандық тілейді. Бұл күнде бәрі жаңарып, тіршілік атаулыға жан бітеді.
Ақмырза Батырқайыров, еңбек ардагері:
- Ұйқыда жатқан мақұлықтардың бәрі оянады. Теректер бүр жара бастайды. Суға жан бітеді, ағыс бітеді. Мынау мұзды бұзады. Жыл құсы келе бастайды. Қырдағы ел ойдағы елмен, ойдағы ел қырдағы елмен амандасып, құшақтасып, көрісіп, бір-бірін шайға шақырып, аман-есен жылдан шығып жатырмыз деп, той тойлап, солай қонақтыққа жалғасып кететін болған.
Жылдан аман шыққан ел келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз көже дайындайды. Оны соғымнан қалған сүр еттен бастап, бидай, тары секілді 7 түрлі дәм қосып әзірлеген. Қазір жастар да үлкендерден ерекше тағамның дайындау жолып үйреніп, дәріптеп жүр.
Дидар Орынғали, қала тұрғыны:
- 14 наурыз – Амал мерекесінде әр қазақтың шаңырағында наурыз көже дайындалады. Біз де сол үрдістен айнымай бүгін 7 түрлі дәм салып, наурыз көже дайындадық. Жалпы енді наурыз көженің дайындалу әдісін кішкентай күнімізден бастап әжемізден, анамыздан көріп өстік. Жас келін болсақ та, осы үрдістен айнымай, қонақтарымызға ұсынатын дәм ретінде бүгін, міне, наурыз көжемізді, бауырсағымызды, шұбатымызды тұшытып, осылай қонақ күтіп отырмыз.
Бүгіннен бастап ұлу жылы тарих қойнауына еніп, жылан жылы кіреді. Көрісу күнімен басталған мереке Наурызнамаға сәйкес елімізде 10 күн бойы тойланады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин