Астанада жаңа үлгідегі локомотивтер шығарылады

Жаршы

Алдағы 10 жылда Қазақстанда газбен жүретін локомотив өндірісі жолға қойылмақ. «Жасыл» технология талаптарына сай жаңа өнім Астанадағы Локомотив құрастыру зауытынан шықпақ. Wabtec корпорациясына қарасты өнеркәсіп осылайша ТМД аумағындағы тұрақты технологияға негізделген бірегей хабқа айналады.

Wabtec – теміржол локомотивінің бөлшектері, цифрлық жүйелер мен қызметтерді ұсынатын жаһандық корпорация. Қазақстанда 27 жыл ішінде 2500-ден астам жұмыс орнын құрып, мыңнан аса заманауи локомотив шығарды. 250 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Өндірісті ұлғайтудағы шығындар мен алдағы 10 жылдың жоспарын қоса алғанда жалпы көлемі 1,5 млрд долларға жетеді.

Гохан Байхан, Wabtec компаниясының ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка аумағы бойынша аға вице-президенті:

- 2023 жылдың желтоқсанында Астанадағы Локомотив құрастыру зауытының қалған 50% акциясын сатып алдық. Осылай жергілікті өндірісті ұлғайттық. Бүгінде зауыт – жаһандық бөлшек жеткізуші тізбегінің маңызды бөлігі. ТМД үшін ғана емес, тұтас әлемге қажетті өнім өндіріп жатыр. Қазір Африкадағы жобамыз үшін осы Астанада локомотив бөлшектері құрастырылып жатыр.

Былтыр компания инженерлік орталық құрған еді. Оған білікті 50 инженер тартылған. Олар ТМД елдерімен қатар жаһандық жобаларға атсалысады. Wabtec Қазақстан теміржолына Kinetix жүйесін де сыйға тартқан. Ол локомотив пен теміржол көлігінің мониторингін жүргізетін станция іспеттес. Жоба сәтімен іске асса, елде тағы 16 осындай станция салмақ ниеті бар. Бұл Орталық дәліз арқылы өтетін транзитті бақылауға мүмкіндік береді.

Гохан Байхан, Wabtec компаниясының ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка аумағы бойынша аға вице-президенті:

- Самұрық-Қазынаның сатып алу ережелері Қазақстанды бізге инвестиция құюға тұрарлық әлеуетті ел екенін танытты. Өйткені ережелері ашық әрі айқын. Технология мен өндірісті алып келуге жағдай жасады. Елдегі инвестициялық климат тұрақты, мамандары білікті.

Компанияның Солтүстік Америка, Бразилия мен Үндістанда өндірісі бар. Қазақстан – жаһандық тізбекті толықтырған төртінші мемлекет. «Самұрық-Қазына» мен ел үкіметінің тиімді ұсынысы болашаққа көз тігіп, алдағы 10 жылға жоспар құруға негіз болып отыр. Ендігі мақсат – ТМД аумағында сұйытылған табиғи газбен жүретін локомотив өндіру.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ырыстанбек Оспанов